
Бүгін біздің музейдің үйірме орталығында ерекше лекция өтті! “Жас археолог” үйірмесінің оқушылары Түркістан өңірінің Тас дәуірінен бастап, қазіргі заманға дейінгі адамзат тарихының қызықты кезеңдерімен танысты.
Үйірме орталығындағы білім беру жұмыстарының маңыздылығында бірнеше аспектілерді бөліп қарасақ болады:
Бірінші, тарихи білім: «Әзірет Сұлтан» музей-қорығындағы тарихи жәдігерлер мен экспонаттарды ұсына отырып, жастарға өткеннің құндылықтарын түсінуге көмектеседі. Бұл тарихи жадты қалыптастыруға ықпал етеді.
Екінші, мәдениетпен танысу: Үйірме сабақтары арқылы балалар халқымыздың мәдениетімен тереңірек таныса отырып, олардың ерекшеліктерін, дәстүр мен өнерінен зерттеу тақырыптарын ала алады. Бұл болашақ маман иелері атанатын оқушылардың мәдениетаралық диалогты дамытуға мүмкіндік береді.
Үшінші, шығармашылық даму: Біздің музейде ұйымдастырылатын үйірмелер шығармашылық қабілеттерді де дамытуға бағытталған. Балалар мектеп оқушылары арасындағы түрлі сайыстарда ғылыми жобалар дайындауға бағыт-бағдар түзеді. Одан бөлек үйірмеде алған білімдерін бекіту үшін әлеуметтік желілерге ақпараттық видеолар түсіру сол арқылы, оқушының өз ойын камера алдында еркін айтуға дағдыланады.
Төртінші, топтық жұмыс: Үйірме сабақтары балалардың топта жұмыс істеу дағдыларын дамытуға көмектеседі. Үйірме орталығы — оқушылар бірлесіп жобалар жасап, пікір алмасып, бір-бірінен үйренуіне арналған ашық алаң деп айтсақ болады.
Бесінші, тәрбиелік аспект: Музейлерде өткізілетін сабақтар балаларға жауапкершілік, тәртіп, және өзара сыйластық сияқты құндылықтарды үйретеді. Бұл тәрбиелік мәні бар сабақтар жастардың тұлғалық дамуына ықпал етеді.
Алтыншы, болашақ музей қызметкерлерін даярлау: Музейлерде ұйымдастырылатын үйірмелер оқушылардың тарих және мәдениет саласына, оның ішінде музей ісі мамандығына деген қызығушылығын арттырады. Біздің үйірме қатысушыларының көбісі мектептің 9-10-шы сынып оқушылары болғандықтан болашақ мамандығын таңдау кезеңінде өз саласын таңдауға көмектесері анық. Ал болашақ музей қызметкерлерін ерте жастан тәрбиелесек, еліміздің музей ісі саласы көп ілгері дамитыны ақиқат.
Ал біз өз кезегімізде қаламыздың білім беру мекемелерін музейге шақырамыз. Оқушыларыңызды біздің музейге алып келіп, тарихтың құпияларын бірге ашыңыздар!
Тұрсынов Ағаділ, музей-қорық қызметкері.


