МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Юсуф Хамадани Қожа Ахмет Ясауидың ұстазы болған ба?

Йусуф Хамаданидің Қожа Ахмет Ясауиге ықпалы туралы мәселе әлі де жүйелі зерттеуді қажет ететін, күрделі мәселелердің біріне жатады. Алғашқы зерттеулер Йусуф Хамаданиді Ахмет Ясауидің ұстазы ретінде көрсетсе, кейінгі зерттеулер мұндай байланыстың идеологиялық және агиографиялық мақсатта кейіннен пайда болғанын алға тартады.

Қожа Ахмет Ясауидің Йусуф Хамаданиге шәкірт болғаны туралы пікірді алғаш ғылыми айналымға енгізген ғалымдардың бірі – Фуат Көпрүлү. Ол өзінің «Түркі әдебиетіндегі алғашқы сопы-ақындар» атты еңбегінде «Рашахат ‘Айн ал-Хайат» пен «Джауаһир ал-Абрар» атты еңбектерге сілтеме жасап, Йусуф Хамаданиді Ясауидің тікелей ұстазы ретінде атап көрсеткен. Сонымен қатар, бұл еңбек кейінгі зерттеушілер үшін негізгі дереккөзге айналып, «Йусуф Хамадани Ясауидің ұстазы» деген пікірдің кең таралуына жол ашқан.

​ Алайда қолжазба мен тасбаспа деректерге негізделген соңғы зерттеулер Йусуф Хамадани мен Ясауи арасындағы ұстаз-шәкірттік байланысты жоққа шығарады. Мысалға, Бауыржан Сайфунов пен Жанболат Самбетов, «Ахмет Ясауи туралы бибилографиялық зерттеу» атты түрік тілінде жарық көрген ғылыми мақаласында бұл мәселеге жан-жақты тоқталған. Олар Зікірия Жандарбек, Аширбек Муминов, Девин ДеУис, Уилферд Маделунг және Эльёр Каримов сынды ғалымдарға сілтеме жасап, Ясауи мен Йусуф Хамаданидің нақты кездескеніне күмән келтіреді. Өйткені Ясауийа тариқатының тарихына қатысты Насаб-намалардың ешқайсында Юсуф Хамаданидің аты кездеспейді, тіпті Йусуф Хамаданидің ең жақын жерлес шәкірті Әбу Сағд әс-Саманидің «Китаб ал-Еснаб» атты еңбегінде де Ясауи туралы ешбір дерек жоқ. Бұл көзқарасты Уилферд Маделунгтің «Екі парықты биографиялық дәстүр» деп аталатын зерттеу жұмысы да қуаттай түседі. Ол Йусуф Хамаданиге қатысты «Рисала-и Сахабийа» мен «Кандийаны» салыстыра келе олардың арасында үлкен айырмашылық бар екенін байқаған. Әсіресе «Рисала-и Сахабийа» тарихи шындықты дәл беретін құжаттан гөрі, кейіннен жасалған конструкцияға көбірек ұқсайды. Девин ДеУис де «Рисала-и Сахабийа» мәтінінің түрлі нұсқаларын саралай отырып, оның түпнұсқасы қайта қалпына келтіруге келмейтіндей дәрежеде бүлінгенін анықтаған. Сондықтан оны Юсуф Хамаданидің өміріне қатысты сенімді дерек ретінде қабылдауға болмайды.

Бұған қоса, Йусуф Хамаданидің Әшғари сеніміндегі шафиғи мазһабын ұстанушы болғаны туралы деректер де назар аударарлық. Бұл дерек Ясауидің Йусуф Хамаданиге шәкірт болғаны туралы пікірге күмән келтіруге негіз болады. Өйткені Орта Азия кеңістігі бастан-аяқ Матуриди ақидасы мен ханафи мазһабын ұстанып келеді. Ясауидің сопылық ілімі де Матуриди ақидасы мен ханафи мәзхабынан тамыр тартатыны белгілі. Осы тұрғыдан кейбір зерттеушілер кейінгі мәтіндерде Йусуф Хамаданиді ханафи мазһабының өкілі ретінде көрсетудің саяси мақсаты болғанын алға тартады. Яғни ханафилік үстемдік еткен Орта Азия кеңістігінде өз ілімдерін кеңінен тарату мақсатында өздерін ханафи ретінде көрсеткен. Бұл жағдайды Эльёр Каримов жай деректік қайшылықтан туындаған мәселе ретінде емес, сопылық ағымдар арасындағы бедел мен ықпал үшін күрес аясында түсіндіреді.

Осы пікірлерді қорыта айтқанда, Йусуф Хамаданидің Қожа Ахмет Ясауиге ықпалы туралы мәселені екі деңгейде бағалауға болады. Біріншіден, кейінгі аңызға сүйенген шығармалар мен алғашқы ғылыми еңбектерде Йусуф Хамадани Ясауидің ұстазы ретінде көрсетілген. Екіншіден, ертерек және анағұрлым сенімді тарихи деректер бұл байланысты нақты түрде растамайды, керісінше оның кейінгі тариқаттық, мазһабтық және идеологиялық мүдделер аясында күшейтілгенін аңғартады. Демек, ғылыми тұрғыдан Йусуф Хамаданидің Ясауиге ықпалы болды деп кесіп айту қиын. Дұрысы бұл ықпал тарихи шындықтан гөрі сопылық шежіре мен кейінгі рухани легитимация тетіктері арқылы қалыптасқан ұғым болуы мүмкін деп бағалануы керек.

Қысқасы, Йусуф Хамаданидің Қожа Ахмет Ясауиге ықпалы туралы пікір Ясауитану ғылымы үшін әлі де мұқият тексеруді қажет ететін маңызды мәселелердің бірі. Яғни бұл жерде «ықпалдың болуы» емес, «сол ықпал туралы тарихи деректердің сенімділігі» негізгі зерттеу мәселесіне айналуы тиіс. Сондықтан бұл мәселені тек дәстүрлі сопылық силсила аясында емес, деректану және тарихнама тұрғысынан қарастыру да аса маңызды.

Е. Әлайдар, Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкері.

Алдыңғы ақпарат

«Қаратау жауһарлары» көшпелі көрмесі өтті

Келесі ақпарат

Халықаралық ынтымақтастық пен рухани байланысты нығайтқан тағылымды сапар