
2026 жылғы 29 сәуір күні «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты Жұма мешітінде Кентау қалалық музейінің ұйымдастыруымен «Қаратау жауһарлары» атты көшпелі көрме өтті.

Аталған көрменің басты мақсаты – Қаратау өңірінің геологиялық және табиғи мұрасын насихаттау, жер қойнауынан табылған минералдар мен кен байлықтарын кеңінен таныстыру, сондай-ақ жастардың туған жер табиғатына деген қызығушылығын арттыру.

Іс-шара барысында қатысушыларға Қаратау жотасынан табылған бірегей минерал үлгілері ұсынылды. Атап айтқанда, кальцит друзасы, арагонит, гипс, микрокварцит, пирит, қорғасын және мырыш кендері көрме экспозициясының негізгі бөлігін құрады.

Көрменің ашылу салтанатында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директорының орынбасары Мұрат Мейірбекұлы және Кентау қалалық музейінің өкілі (экскурсовод) Вахиджан Сабырұлы сөз сөйлеп, өңірдің табиғи байлығы мен ғылыми маңыздылығына тоқталды.

«Қаратау жауһарлары» көрмесі – табиғаттың ғасырлар бойы қалыптасқан үнсіз шежіресін танытатын, өлкенің геологиялық ерекшелігін айқындайтын маңызды мәдени-танымдық шара болды. Аталған шараға Кентау қалалық музейінен Е. Есіркепов, «Ұлы дала» музейінен Г. Дүйсебаева, Н. Сауранбаев, Р. Атиева, С. Ибрагимова, С. Ерубаев музейінің меңгерушісі А. Үркімбаева , экскурсовод Е. Қонысов және А. Есмұрзаева, «77» тілшілері, сонымен қатар, Әжелер алқасының мүшелері іс-шараға арнайы қонақ ретінде қатысты.

Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Кентау қалалық музейі алдағы уақытта да тарихи, мәдени және табиғи мұраларды насихаттау бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.
Г.Джузбаева, көрме ұйымдастырушы.