
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығының атынан Өзбекстан Республикасының Жызақ облысында өткен халықаралық конференцияға іссапармен бардым. Сапарымыз көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Шараф Рашидовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етуден басталды. Бұл тағылымды сәт тарихқа құрметтің, тұлғаға тағзымның және бауырлас екі ел арасындағы рухани сабақтастықтың жарқын көрінісін айғақтай түсті.

Сапар барысында Жызақ облыстық ақпараттық-кітапхана орталығының, сондай-ақ Арнасай және Достық аудандарындағы ақпараттық-кітапхана орталықтарының жұмысымен таныстық. Кітапхана ісін дамытудағы заманауи үрдістер, оқырман тарту тәжірибелері, цифрлық мүмкіндіктер мен бірлескен жобалар жөнінде пікір алмастық. Сонымен қатар Мырзашөл ауданында болып, өзбек-қазақ мәдени орталығында өткен тағылымды кездесуге қатыстым. Іс-шара барысында «Түркістан» тақырыбындағы кітаптар тарту етіліп, өңірдің рухани-тарихи құндылықтарын насихаттауға бағытталған игі бастама жүзеге асты. Мырзашөлдегі Юрий Гагарин ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі де екі ел арасындағы достық пен мәдени сабақтастықтың мәнін айшықтай түсті.

Іссапар барысында «Кітап оқу – ұлттар арасындағы көпір» атты халықаралық конференция аясында мазмұнды кездесулер өтті. Жиында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыс, кітапхана ісіндегі әріптестік, рухани құндылықтарды бірлесе дәріптеу және халықтар арасындағы достықты нығайту мәселелері талқыланды. Конференция аясында «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» тақырыбында баяндама оқыдым.

Баяндама барысында Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тек түркі халықтарына ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне ортақ ұлы тұлға екені, өз дәуірінде және одан кейінгі ғасырларда ислам дінінің көркеюіне, түркі мұсылман жұртының руханиятының кемелденуіне айрықша ықпал еткен мәшһүр әулие, ғұлама болғаны сөз болды. Бұл ойлар Фарид ад-Дин Аттар, Сүлеймен Бақырғани, Сопы Аллаяр, Ақтан Керейұлы, Балмағамбет Балқыбайұлы сынды шайырлар, ақын-жыраулар еңбектері негізінде баяндалды. Сондай-ақ Ясауи бабамыздың шығармалары мен өсиеттері арқылы түркі тілінің сақталып, ғылым, өнер және поэзия тілі ретінде қалыптасуына айрықша әсер еткені айтылды. Оның рухани жолын жалғаған көптеген ізбасарлары ізгілікке негізделген ұлы мемлекеттердің құрылуы мен қалыптасуы жолында қалтқысыз қызмет еткені де баяндамаға арқау болды.

Бұл халықаралық сапар кітап арқылы ұлттар арасындағы рухани көпірді бекемдеп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық әріптестікті жаңа деңгейге көтерген маңызды әрі мазмұнды іс-шара болды. Екі күндік іс-шарадан кейін Әзірет Сұлтан бабаға ерекше құрмет көрсетіп, айрықша махаббатын білдіріп, зәулім кесене салдырған Көреген Әмір Темірдің Самарқандтағы рухани мекеніне арнайы барып, тағзым етіп, рухына дұға бағыштап елге оралдық.
Ұ. Жүнісбаев, Ясауитану ғылыми орталығы, қолжазбалар мен сирек кітаптар бөлімінің аға ғылыми қызметкері.