МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ЕҢБЕК АДАМДАРЫ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

ЕҢБЕК АДАМДАРЫ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН
🔹 «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, Ясауи музейінің мәжіліс залында «Ясауитану» клубының аясында «Еңбек адамы» бағдарламасы өтті.
Музей-қорықтың жаңа жобаларының бірі саналатын «Еңбек адамы» бағдарламасы 2024 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – елге еңбегі сіңген азаматтардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау, олардың қоғамдағы еңбегін дәріптеу және жастарға үлгі ету.
Бүгінгі кездесудің қадірлі қонағы – Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Түркістан қаласы Ардагерлер кеңесі жанындағы «Әжелер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ұлағатты ұстаз, қоғам жанашыры Серім Айғаным Абанқызы болды.
🔹 Шара барысында қонақтың балалық шағы, ұстаздық жолы, ұлттық тәрбие мен білім саласындағы еңбегі, Түркістандағы этнопедагогикалық колледжді құрудағы бастамалары және шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымдары жайында тағылымды әңгіме өрбіді.Кездесу барысында арнайы дайындалған бейнематериал көрсетіліп, Айғаным Абанқызының шәкірттері мен жақындарының жүрекжарды лебіздері көпшілік назарына ұсынылды.
Кездесуде «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының орынбасары т.ғ.к., қауымдастырылған профессор М.Тастанбеков музей-қорық директорының атынан Айғаным Абанқызына арнайы алғыс хат пен сый-сияпат табыстаса, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы М.Ізтілеуов, қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Е.Байтілесов, Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Б.Бейсенбаев, Түркістан техникалық колледжінің директоры А.Аппазов, музей-қорық ардагері Р.Сүлейменовалар жүрек жарды лебіздерін білдірді.
🔹 Шарада Түркістан қалалық әжелер бірлестігінің мүшесі Күлтай Өмірова кезінде Торғайда Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқов жазған «Арқалықтың ақ таңы» әнін алғаш орындаған жан ретінде естеліктерімен бөлісті. Қалалық Әжелер бірлестігі жанынан құрылған этнографиялық ансамбль өкілдері шарада әннен шашу шашты.
🔹 «Еңбек адамы» бағдарламасы – елге қызмет етіп, кейінгі ұрпаққа өнегелі із қалдырған тұлғалардың өмір жолын дәріптейтін тағылымды алаңға айналыпта үлгерді.
Қорыта айтқанда, «Еңбек адамы» бағдарламасыеңбегімен елге үлгі болған тұлғаларды ұлықтайтын тағылым мектебіне ұласып келеді.
А.Уркинбаева, ғылыми қызметкер.
Алдыңғы ақпарат

Бакуде «Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесі ашылды

Келесі ақпарат

«Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге»