
Бакуде «Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесі ашылды

Әзербайжан Республикасының астанасы Бакудегі Әзербайжан Ұлттық тарих музейінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы әзірлеген «Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Бұл көрме Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерделеу, сақтау және оны елімізде әрі халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың заңды жалғасы болып табылады.

Көрме Қазақстан және Әзербайжан мәдениет министрліктері мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен түркі халықтарына ортақ тарихи-мәдени мұраны дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

Экспозиция көне Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулеттік ерекшелігі мен рухани маңызын таныстырады. Көрмеге қойылған жәдігерлер Ясауи ілімінің түркі халықтарының рухани дүниесі мен мәдени дәстүрлеріне ықпалын көрсетеді.
Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.