
Ясауи музейінде «Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен мұрасы: қазіргі зерттеулер және болашақ бағыттар» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті. Спикер — әйгілі Ясауитанушы, ғалым Девин ДеУис. Арнайы қонаққа алдымен Сирек жәдігерлер музейіндегі тарихи және мәдени құндылығы жоғары экспонаттар таныстырылды.
Ғалым Девин ДеУис «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиумға арнайы шақырылған. Осы сапар аясында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы және студент жастар шетелдік маманмен пікір алмасып, Ясауи ілімі төңірегінде еркін сұхбат құрды. Девин ДеУис сөз басын өзінің Ясауиді зерттеуге қалай келгені жайлы бастады. Кездесу барысында музей қызметкерлері ғалымға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, мазмұнды әрі тұшымды жауаптар алды. Кездесу соңында шетелдік ғалымға музей-қорық ұжымының атынан сый-құрмет көрсетілді.