Австро-Венгрияның «І дүниежүзілік соғыс» естелік медалі

Медаль 2007 жылы 13 желтоқсанда Түркістан қаласы, І мөлтек аудан, 3 үй, 73 пәтердің тұрғыны Розметова Шілдекүл тарапынан музей қорына өткізілген. Австро-Венгрияның «І дүниежүзілік соғыс» естелік медалі. Дөңгелек пішінді. Тағаны жоқ. Медаль шеңберінің жоғарғы жағында лента-тағанға бекітетін шеңбер пішінді ілмегі бар. Жазба және өрнек бедерлері медаль бетінен шығыңқы етіп түсірілген. Күмістелген қоладан (томпак) жасалған. Сақталу жағдайы орташа. Жиектерінің кей жерлері кертіліп, бетіне жалатылған күміс қабаты кей жерлерде көшкен.

Медальдің негізгі бетіне екі қылыштың үстіне түсірілген, бетіне әулие Стефанның тәжі мен алты қанатты кресттен тұратын геральдикалық қалқан пішінді гербінің бейнесі түсірілген. Гербтің шеттері лавр және емен жапырақтарынан түзілген гүлдестемен көмкерілген.

Келесі бетіндегі шеңбер алаңның ортасында австрия әскерінің 1917 жылғы үлгідегі болаттан жасалған дулығасының (Stahlhelm 1917) бейнесі, бейненің астын ала 1914-1918 деген жылдық көрсеткіштері, медальдің жоғарғы жиегін бойлай «Pro deo et patria» (Құдай және отан үшін!) деген жазба түсірілген. Тиынның төменгі жиегінен жоғары қарай өрлете түсірілген өсімдік жапырақтарынан түзілген гүлдесте бар.

І дүниежүзілік соғыс аяқталған соң соғысқа қатысқан көптеген елдер қатысушыларды марапаттау мақсатында түрлі медальдер шығарған болатын. Антанта одағының құрамындағы Ресейден басқа елдердің барлығы, атап айтар болсақ, Франция «1914-1918 ж. соғыстың естелік медалі», «Соғыс медалі» сынды марапат медальдерін Ұлыбритания, Италия, Румыния, Бельгия сияқты елдер де шығарып отырды. Соғыста жеңіске жеткен елдер ғана емес, сонымен қатар, жеңіліс тапқан елдерде де осы сынды медальдер шығарылған болатын. Бірақ, ол елдерде бұл тақырыптағы медальдер соғыс аяқталған соң бірден емес, ХХ ғасырдың 20 жылдардың аяғы мен 30 жылдардың басында шығарылған.

І дүниежүзілік соғысының естелік медалі — «Pro deo et patria 1914-1918» 1929 жылдың 26 мамырында регент Миклош Хорти тарапынан І дүниежүзілік соғысқа қатысушылар, соғыс жылдарында Австрия мүддесіне қызмет еткен бейбіт азаматтарға және соғыста жараланған жауынгерлердің өмірлерін құтқару үшін қызмет еткендер үшін бекітілген. Медаль жарғысының мәтіні 14 қарашада дайын болып, екі күннен соң, Honvédségi Közlönyben  (Қорғаныс бюллетені) газетінде жарияланған болатын. Жарияланған соң бірнеше күннен соң ақ алғашқы марапаттар жасалды. Бұл естелік медальдің Венгрия гербінде екі қылышпен бейнеленген түрі соғыстағы әскери әрекеттерге тікелей қатынасқан әскерилерге, ал, қылышсыз герб бейнелі үлгісімен комбатант еместер (соғыс әрекеттеріне тікелей қатынаспағандар) марапатталып отырды.

Бұл медальмен марапатталатын тұлғалар: І дүниежүзілік соғыс жылдарында әскер қатарында 30 айдан ұзақ уақыт болғандар, соғыс жылдарында жарақаттар, соғыс жағдайында денсаулығына зиян келгендер, тұтқынға түскендер, соғыс кезінде қайтыс болғандардың жесірлері мен балалары (тек үлкен ұлы), соғыс жылдарында әскери қызметпен теңестірілген қызметтер атқарған тұлғалар марапатталып отырған.

1947 жылдан бастап Венгрия Республткасының өкіметі бұл медальді тағуға тыйым салды.

Алдыңғы ақпарат

Келесі ақпарат

Тостаған