Тостаған

Тостаған. ХІХ ғ. Өлшемі: Биіктігі-10 см. Ернеу диаметрі-23 см. Түбінің диаметрі-9 см, түбі диск (ортасы ойық) сияқты шеңбер түрінде жасалған. Мұндай ыдысты Оңтүстік қазақтары «орта кесе» дейді, Өзбекстандықтарда «лабигардон» деген атпен белгілі. Ыдыстың іш жағы ғана сәнделіп шыңылтырмен қапталған. Ауыз жиегі бұдыр-бұдыр  етіліп жасалып (поташ-бұл сексеуіл т.б. өсімдіктердің аппақ күлінен дайындалатын ангоб) боялып, ортасына қызыл  шеңбер, одан жоғарырақ жалпақ қызыл жолақтар түсіріліп ақ  түсті «басма» (баспа) өрнегімен сәнделген. (бұл іші қуыс қамысты жіңішке  жапырақшалар түрінде тіліп, сыртқа қарай қайрылып жасалатын штамп түрі, соны ақ бояуға тигізіп алып ыдысқа басып түсіреді, содан «басма-баспа»-деген  атауы қалған). Бұл  өрнек ХVІІ-ХVІІІ ғғ. ең көп кездесетін сәндік тәсілі, оны ақпен, көкпен, қарамен де  түсіре  береді. Біздің ыдыстағы түс сары түсті болуы, ыдыс боялып, сәнделіп біткен соң  қорғасын тотығы дайындалып, сары мыс тотығы қосылып жасалған түссіз  шыңылтырмен  қапталғандығынан  болып  отыр.

Алдыңғы ақпарат

Австро-Венгрияның «І дүниежүзілік соғыс» естелік медалі

Келесі ақпарат

Түркістандық ақсақал қорық-музей қорына қолжазбалар мен көне кітаптар тапсырды