Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың Түркістан қаласына жасаған сапары «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінен бастау алды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келіп, бабалар рухына тағзым еткен агенттік төрағасы Алик Жатқамбайұлы мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жұма мешіті, Қылует жер асты мешіті мен Шығыс моншасы тарихи ескерткіштерімен де танысты.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің басшысы Нұрболат Ахметжанов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2018-2022 жылдарға арналған қорық-музейді дамыту тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеді.
-«Қазақтың 214 хан-сұлтан, би батырлары мен игі жақсылары мәңгіге жай тапқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдессіз сәулет туындысы ретінде туризмді дамытудағы басты нысан болғандықтан, халықаралық дәрежедегі музейге тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік келушілердің де қызығушылығы жыл санап артып келеді. Осы орайда, қорық-музейді дамытуға арналған жобалар мен туристік орталықты қалыптастыру және туристік бағытты дамыту сынды бірнеше мақсаттар айқындалды»,- деді Нұрболат Қадырұлы. Сондай-ақ, Түркістан қаласын түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде таныту және тарихи орындардың төл келбетін сақтай отырып, жандандыру мақсатында музей аумағында жүріп жатқан жұмыстар бойынша да ақпарат берілді.
Қорық-музейдің экскурсоводы Данияр Сайдвакасов тарихи орындарға экскурсия жүргізіп, тың деректермен таныстырды.
Сапар барысында агенттік басшысы қорық-музей ұжымына алғысын білдірді.