«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде саяси қуғын — сүргін құрбандарына арналған көрме ашылды

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіндегі кітапхана бөлмесінде «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» орай фото және кітап көрмесі ашылды.
Қазақ тарихындағы тұғыры биік тұлғалар жайлы қорық-музейдің ғылыми-зерттеу бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Индира Джалишева баяндама оқып, әр жәдігердің құндылығы жөнінде ақпарат берді.
Көрмеге репрессия жылдарына арналған әдеби кітаптар, тарихи суреттер, тұлғалар жайлы деректер, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар қойылды.
Құйтырқы саясаттың құрбанына айналған кінәсіз халық пен елдің бодандықтағы басын бостандыққа сүйреген зиялылардың ауыр тағдыры жайлы қысқаметражды деректі фильмді тамашалаған жиынға қатысушылар аға буынның көрген азабы таңбалы тарихтың төл беттерінде мәңгілік өшпейтінін жеткізді.
-» Алаштың арыстары аңсаған күн — бүгінгі Тәуелсіздік. Тәуелсіздік — ұлтымыздың мұраты, бабаларымыздың арманы, тұлғаларымыздың оққа ұшқан бейнесі, аналарымыздың сағынышы. Арыстарымыз атылып, асылып, жер аударылса да азат күннің ақ таңының сәулесіне жол ашып кетті. Әрбіріміз ұлт зиялыларын, жазықсыз шейіт болған халқымызды мәңгілікке ұмытпай, қадір тұтуымыз тиіс. Көрмеде тұрған әрбір тарихи мұра — елінің ертеңін көксеген тұлғаларымыздың өшпес іздері»,- деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков.
Көрме бір ай бойы музейге келушілер мен кітапхана оқырмандарының назарына ұсынылады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Алдыңғы ақпарат

Шығармашыл оқушылар арасындағы «Түркістан және тарихи тұлғалар» республикалық байқауы

Келесі ақпарат

Алик Шпекбаев «Әзірет Сұлтан» қорық-музейімен танысты