Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиында музей-қорықтың директоры Ерлан Дәкенов журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ұлттық тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттауға, музей-қорықтың тыныс-тіршілігі мен жаңалықтарын жұртшылыққа дер кезінде әрі сапалы жеткізуге қосып жүрген елеулі үлестері үшін БАҚ өкілдеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Салтанатты рәсім мерекелік концертпен жалғасын тапты. Арнайы шақырылған өнерпаздар әсем әндерін тарту етіп, кештің сәнін келтіріп, келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шара соңында қонақтар ақ дастархан басында бас қосып, еркін форматта пікір алмасып, музей мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.














