«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының «Ғылыми жарияланымдар және медиа-коммуникация» бөлімі Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне орай Ясауитану ғылыми орталығының кітапханасында салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Іс-шара аясында «Домбыра – ұлттың рухани мұрасы» және «Астана – тәуелсіздіктің жарқын келбеті» атты тақырыптық кітап көрмелері көпшілік назарына ұсынылды. Көрменің басты мақсаты — қазақ халқының күй өнері мен домбыра мәдениетін дәріптеу, ұлттық рухани мұраны насихаттау.
Музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, тарихи-мәдени мұраны сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Мәдени бағдарлама аясында Райымбек Сейтметов атындағы театрдың әртісі, «Серпер» сыйлығының лауреаты Талғат Қарынбаев «Балбырауын» күйін, және терме орындап, көрермен ризашылығына бөленді. Сонымен қатар музей-қорық қызметкерлері Азамат Әлібек пен Ерсұлтан Алайдар өз қаламдарынан туған арнау өлеңдерін оқып, шараның шығармашылық мазмұнын байыта түсті. Кітапханашы Гүлбану Манашова көрменің негізгі бөлімдерін, көрмеге қойылған кітаптарды келушілерге таныстырды.
Ғылыми жарияланымдар және медиа-коммуникация бөлімі








