🔹 Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы базасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Ордабасы Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі» ұйымдастыруымен «Ордабасы: көне заманнан бүгінге дейін» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті.
🔹 Көрменің басты мақсаты – Ордабасы өңірінің көне дәуірлерден бүгінгі күнге дейінгі тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстыру, өңір тарихының сабақтастығын музей қорларындағы құнды жәдігерлер арқылы көрсету.
🔹 Салтанатты шараның шымылдығы Түркістан қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер орталығының білім алушысы, өнерпаз жас, 9-сынып оқушысы Момиш Алмаз Талғатұлы орындаған «Халық термесімен» ашылды.
🔹 Көрменің ашылу рәсімінде алғашқы құттықтау сөз «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорық директоры Дәкенов Ерлан Ерғазыұлы тарапынан айтылып, мұндай мәдени жобалардың тарихи мұраны насихаттаудағы және музейлер арасындағы ғылыми-мәдени байланысты нығайтудағы маңызына тоқталды.
🔹 Одан кейін сөз кезегі «Ордабасы Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің» директоры Амангелдиев Досалы Жайлауұлы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі, профессор, Досай Тұрсынбайұлы Кенжетаевқа берілді. Олар Ордабасы өңірінің тарихи орны, ұлттық бірлік пен елдік сананы қалыптастырудағы рөлі туралы ой қозғап, көрменің мазмұнына жоғары баға берді.
🔹 Экспозицияға «Ордабасы» Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің қорынан әкелінген 100-ге жуық құнды жәдігер қойылды. Олардың қатарында көне тас дәуірінен бастап ерте қола дәуірі, сақ, қаңлы, түргеш және қарахан кезеңдеріне жататын археологиялық олжалар, этнографиялық мұралар мен тарихи құндылығы жоғары музейлік заттар бар. Көрме келушілерге Ордабасы өңірінің сан ғасырлық тарихын бір кеңістікте тамашалап, өлкедегі тарихи үдерістердің даму кезеңдерімен танысуға мүмкіндік береді.
🔹 Көшпелі көрме алдағы 1 апта бойы Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетіп, ұлттық тарих пен мәдени мұраны дәріптеуге өз үлесін қоспақ.
Қ.Ысқақ, Көрме ұйымдастырушы












