МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Жаңа ғылыми еңбектер музей-қорық кітапханасына табысталды

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кітапханасы құнды ғылыми еңбектермен толықты. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті «Тарих» кафедрасының доценті, PhD Қанат Базарбаев AP19676634 «Түркі тілдес мемлекеттердің тарихи-мәдени ықпалдастығын қалыптастырудың саяси, құқықтық тәжірибесі және даму бағыттары» атты гранттық жоба аясында жарық көрген ғылыми еңбектерді музей-қорық кітапханасына сыйға тартты.

Атап айтқанда, төмендегі басылымдар табысталды:

  • Базарбаев Қ.К., Амирбек А.А. «Түркі тілдес мемлекеттердің тарихи-мәдени ықпалдастығы: тарихы мен болашағы» – оқу құралы;
  • Базарбаев Қ.К., Батырбекқызы Г., Жамалов Б.А. «Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығының тарихы» – хрестоматия;
  • Амирбек А.А., Базарбаев Қ.К., Батырбекқызы Г. «Түркі тілдес мемлекеттердің тарихи-мәдени ықпалдастығын қалыптастырудың саяси, құқықтық тәжірибесі және даму бағыттары» – монография.

Әрбір кітаптан 50 данадан, барлығы 150 дана кітап музей-қорық кітапханасының қорына қосылды. Бұл – кітапхана қоры мен оқырман қауым үшін зор рухани олжа, ғылыми айналымға қосылған маңызды еңбек.

Кітап – ұлт жадының сақтаушысы, рухани мұраның қайнар көзі. Түркі тілдес мемлекеттердің ортақ тарихи-мәдени құндылықтарын зерделеуге бағытталған бұл еңбектер жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға және ғылыми ізденістерге тың серпін беретіні анық. Осы орайда, музей-қорық ұжымы кітаптарды тарту еткен Қанат Қалдыбекұлына зор ризашылығын білдіреді. Түркі дүниесінің рухани мұрасы мәңгі жасай берсін!

А. Әлібек, баспасөз хатшысы.

 

Алдыңғы ақпарат

Жаңа Конституция жобасының мазмұны талқыланды

Келесі ақпарат

«Мұқағалиша ойлап көр» атты тағылымды поэзия кеші өтті