12 сәуір – Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні. Күнтізбедегі бұл дата кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. Себебі 12 сәуір – көрнекті ғалым, қазақ халқының ұлы перзенті, отандық металлогения ғылымының негізін қалаушы, Қазақстан Ғылым академиясының алғашқы президенті Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Ағымдағы жылы біртуар азаматтың туғанына 125 жыл толып отыр.
Осы орайда, Түркістан қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы № 12 жалпы білім беретін мектебінде «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері «Ұлы дала тұлғалары» атты жылжымалы көрмесін және «12 сәуір – ғылым қызметкерлерінің күні» тақырыбында дәріс өткізді. Көрме биылғы жылы аталып жатқан тұлғалардың мерейтойына арналады.
2024 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалар – Сіргелі Тілеуке батыр мен Матай Бөрібай батырлардың туғанына 330 жыл, Қоралас Жауғаш батырдың туғанына 290 жыл, Шоң би Едігеұлының туғанына 260 жыл толып отыр.
Көрмеде жоғарыда аталған тұлғалардың ерлігі, Отанға адалдығы, көреген қолбасшылық қаситеттері музейлік жәдігерлер арқылы таныстырылды және «дәуіріміздің жұлдызды тұлғасы» атанған Қаныш Сәтбаевтың геология мен жаратылыстану ғылымдары, тарих, әдебиет, мәдениет пен этнография салаларына сіңірген еңбектері сөз етілді.
Сондай-ақ, көрме аясында өткен «12 сәуір – ғылым қызметкерлерінің күні» атты дәрісте ғылымның шығу тарихы, оның әртүрлі дәуірлердегі дамуы баяндалып, ғылымның өткен және бүгінгі жетістіктеріне баса назар аударылды.