Алаштың асыл ұлдарының бірі Жүсіпбек Аймауытов 1929 жылы қамауға алынарынан бірнеше ай бұрын, «Жаңа әдебиет» журналына «Әзірет Сұлтан (Қожа Ахмет Йассауи)» мақаласын жазған екен. Онда ол: «Мешіттің қарсы алды (күншығысы) — жалғыз есік. Бірақ есік деуге тым зор, дарбаза (қақпа) демесек. Әзіретті бұрын кермеген болсаңыз, аспанға қарамай, алақтамай, ішіне тез кіріп кете алмайсыз» дейді. Кесенені жарып қойған тауға теңеген Аймауытов дарбазаның да айбыны содан бір кем емес,- деген екен.
Ясауи бабамыздың кесенесінің XIV ғасырдан сақталып жеткен қақпа есігі, оның жасалу жылы, қолданылған материалдар, жазылған жазулар туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дегенменен, сырт көзден тыс қалған суреттегі жәдігерге назарларыңызды салғымыз келеді.
Қазақстанда реставрация тарихы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде 1884-1886 жылдары орыс әскери инженері Печенкиннің жүргізген реставрациялық жұмыстарынан бастау алады деген пікір бар. Дегенмен, Ясауи кесенесінде, оның 630 жылдан асқан қақпа есігінде де жөндеу, ауыстыру жұмыстары жүріп отырған. Суретте беріліп отырған қақпа есік ілгіші ХІХ ғасырдың бірінші жартысында жасалғаны анықталып отыр.
ХІХ ғасырда Түркістанда болған орыс зерттеушілері кесене іші-сыртындағы жазуларды толық оқыған, деп саналады. Дегенмен, бұл пікірдің дұрыстығын сол ғасырдың өзіндегі экспедиция жазбалары теріске шығарады. Н.И.Веселовскийдің жазбаларында қабірханаға кірер ойық қабырғаларында қағазға түскен коллиограф жазуларының көп ілінгенін, уақыты 50-60 жылдан аспайтын, бұл жазбаларды оқымағандығын жазған. Сол сияқты есік ілгішінде кездесетін жазбаға да мән бермегенге ұқсайды. Ілгіштегі шағын көлемді жазбаны кейінгі жылдары оқығандығы туралы да мәліметіміз жоқ.
Есіктің бұл бөлшегі 1990-шы жылдары Ясауи кесенесінде жүргізілген ауқымды және бірнеше жылға созылған реставрация жұмыстары басталған уақытта музей қорына алынған. Сонымен бүгінде жасалғанына 180 жылдан асқан ілгіште қандай мәлімет жазылған? Музей қызметкері Ұлықбек Жүнісбаев оқуы бойынша мұнда:
«Ақыры түбі қайырлы болсын!».
«Амала ұста Мұхамад Назар 1257 (1841) жыл», — деген жазу бар.