ЖҮСІП АТА КЕСЕНЕСІ МАҢАЙЫНА РАУШАН ГҮЛДЕРІ ЕГІЛІП, ОРЫНДЫҚТАР ОРНАТЫЛУДА

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық — музейіне қарасты Жүсіп ата кесенесінде абаттандыру жұмыстары жүруде. Қорық-музей әкімшілігі және жергілікті кәсіпкерлердің бірлесуімен қолға алынған игілікті бастама аясында 700 дана раушан гүлі, 100 түп тұт және 40 дана боз арша ағаштарын егу жұмыстары жүруде.
Сондай-ақ, келушілер үшін жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында 10 дана орындықтар мен 22 жарық шамдарын орнатылады.

Айта кетсек, өткен жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық — музейі және жергілікті демеушілердің бірлесуімен кесенеге кіретін темір қақпа орнатылып, асфальт жол салынған болатын. Сондай-ақ, кесене айналасындағы жалғыз аяқ жолдар бетондалып, дәретхана жөндеуден өтті. Зияратшыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында дәрет алу бөлмесіне ыстық және суық су жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта Ескі Иқан ауылында орналасқан Жүсіп ата кесенесі жергілікті маңызы бар — сәулеттік ескерткіш. Жалпы жер көлемі — 1,5 га.

Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, әрі жиені ретінде белгілі Жүсіп ата XII ғасырдағы діни тұлғалардың бірі саналады.
Жүсіп ата кесенесінің іргесіне 2005 жылы зерттеулер жүргізілген. Кесене екі бөлмеден тұрады. Жалпы ұзындығы 22-23 метр, ені 12,87 метр. Зияратхана бөлмесінің ішкі өлшемдері 9,24 мх9,21 метрді құрайды. 2008 жылы Жүсіп ата кесенесіне толық реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз атаға тиесілі. Кесене ішінде жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы тиіс» деген тұжырым бар.

Алдыңғы ақпарат

Үкаша ата құдығы маңындағы автотұраққа электр шамдары мен орындықтар орнатылды

Келесі ақпарат

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ САҒАНАНЫ ҚАЙТА ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРУДЕ