«ЯСАУИТАНУ-2023» байқауының облыстық іріктеу кезеңі болып өтті.

2023 жылдың 15 наурызы күні Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы №7 Төле би атындағы жалпы орта мектебінде «Ясауитану-2023» республикалық байқауының облыстық іріктеу кезеңі болып өтті. Облыстық іріктеу сынына 17 аудан мен мамандардырылған білім беру ұйымдарынан жалпы саны 76 оқушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Байқаудың негізгі мақсаты — Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың рухани мұраларын, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына қарасты тарихи ескерткіштерді, музей қорында сақталған көне жәдігерлерді насихаттау және кесенеде жерленген тарихи тұлғаларды (хан, би, батырлар) таныту.
Кіл мықтылар жиналған бұл байқауда әділқазыларға 76 оқушының арасынан шын жүйрікті анықтау оңайға соқпады.
Таңнан кешке дейін созылған хикмет сайысында оқушылардың жан-жақты білімдері сынға түсті. Екі кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы кезеңінде оқушылар хикметті жатқа айтудан жарысып, олардың зейін мен зерде қабілеттері сыналды. Екінші кезеңде Қожа Ахмет Ясауидің өмірі, мұрасы, кесененің және ондағы жәдігерлердің тағылымдық мәні мен маңызы туралы білімдері сарапқа салынып, оқушылардың ойлау деңгейі мен хикметтердегі ұғымдарды қаншалықты түсінетіндігі айқындалды.
Хикмет сайысында ерекше дарынымен көзге түсіп, дара озып шыққан 5 оқушы Түркістан қаласында өтетін байқаудың ақтық сайысына жолдама алды.
Тартысты өткен байқауда Жетісай ауданы, Қ.Дәрімбаев атындағы №41 мектебінің 10 сынып оқушысы Орынбасар Балнұр Мұратқызы топтан оза шауып «бас жүлдеге» ие болды.
1-орынды Сауран ауданы, М.Мұса жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Нартайқызы Ұлмира иемденсе, осы аудандағы Әл-Фараби атындағы мектептің оқушысы Абдукадирова Одина мен Бәйдібек ауданы Т.Қазыбеков мектебінің оқушысы Құттыбай Асылайым және Келес ауданы №52 С.Бегалин мектебінің 9 сынып оқушысы Насырхан Ғазиза жүлделі 2 орынды иеленді.
Алдыңғы ақпарат

КҮЙДІРІЛГЕН ҚАПТАМА КІРПІШ БӨЛІКТЕРІ. ХII ғ.

Келесі ақпарат

Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі жайында архивте сақталған материалдарды жариялады