КҮЙДІРІЛГЕН ҚАПТАМА КІРПІШ БӨЛІКТЕРІ. ХII ғ.

Оймышталған кірпіш бөліктері үш дана. Кірпіштің сыртқы бетінің көрінісі үш бұрыш тәрізденіп, ішкі бетіне және жиегіне ойылып өсімдік өрнегі, гүл күлтесі мен сабақтарға  шырмалып өскен жапырақтар, дөңгелектер түсірілген. Өлшемдері: 14 х 12 см., 15 х 12 см., 12 х 15 см.тең. Кірпіш сапалы болып шығу үшін, нығыз болып иленген сазбалшықты арнайы қалыптарға салып тегістеп, алдын ала дайындалған жерге аударылады. Содан  белгілі бір температурада толық кептірілмеген шикі кірпіштің бетіне әр түрлі құралмен оймыштап өсімдік өрнектері түсіріліп, арнайы қолдан жасалған ошақ пештерде   күйдіріліп дайындалады.

Қаптама қыштардың композизиялық құрылымы бойынша айна қатесіз Самарқандағы  Ибрагим ибн-Хусейн кесене порталындағы панельдеріндегі нақышты композициясына  ұқсас болып келген.

ХІІ ғасырда Қожа Ахмед Ясауи қабіріне екі бөлмелі мазар тұрғызылып, сол  құрылысты сәндеу үшін осы оймышталған кірпіштерді пайдаланған. Екі  ғасыр  өткеннен  кейін ХІV ғасырда ескі құрылыс үстінен Әмір Темірдің бұйрығымен алып күмбезді кесене тұрғызылғандығы белгілі.

Кірпіш бөліктері 1928 ж. Қожа Ахмед Ясауи кесенесін зерттеу кезінде шатырдан   табылғандығын шығыстанушы ғалым М.Е.Массон өз еңбегінде жазып қалдырған.   Табылған кірпіш бөліктері сол кезеңдердің яғни, ХІІ ғасырдың сәндеп өрнектеу өнерімен бірге техникалық жетістіктерін де көрсетеді. Өз заманының шеберлері керамика мен терракотаны, оймыштау мен әшекейлеу әдістері арқылы нақыштау өнерін одан әрі жалғастыра отырып ғимараттардың қабырғаларын қаптаған.

Алдыңғы ақпарат

«БЕРЕЛ ҚАЗЫНАЛАРЫ» КӨРМЕСІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

Келесі ақпарат

«ЯСАУИТАНУ-2023» байқауының облыстық іріктеу кезеңі болып өтті.