ЯСАУИ БАБАМЫЗДЫҢ «ПАҚЫРНАМАСЫ» ЖӘНЕ ПАҚЫРЛЫҚТЫҢ МӘНІ

«Пақырнама» – Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің түркі тілінде жазылған шығармасы. Еңбектің атауы «пақыр» және «нама» деген екі сөзден құралған. Алғашқы «пақыр» сөзі араб тілінде فَقُرَ (фақура) кедей болу, кедейлену, мұқтаж болу етістігінен туындаған فَقْرٌ (фақрун) кедейлік, мұқтаждық ұғымындағы есім сөз болса, ал екінші «нама» сөзі парсы тілінің نامه (наме, нама) кітап, шығарма, еңбек, туынды мағынасын береді.
«Пақыр» сөзінің сөздіктегі мәні – «пақырлық», «кедейлік» дегенді білдіруімен қатар, тасаууф мәдениеті мен әдебиетінде астарлы түрде «Аллаға ғашықтық, Хақтың разылығын табуды мақсат-мұраты ету, дәруіштік, сопылық, тақуалық, Алла тағалаға мұқтаж екендігін терең түйсіну» тәрізді мағыналарда да қолданылатын Ислам дініндегі ең жоғарғы мақам деуге болады. Өйткені Ясауи бабамыз «Пақырнамада»: «Пақырлық мақамының мәртебесі өте жоғары мақам дүр. Әркім қол жеткізе бермейді. Пақырлық мақамы – әнбиелердің, әулиелердің, арифтардың (Алланы танығандардың) уа ғашықтардың мақамы дүр. Әсіресе, әзірет Расул әкрам Мұхаммет Мұстафа (с.а.с.)-ның мақамы дүр. Яғни, «П̄ақырлық – менің абыройым» деген. Пақырды сүю, жақсы көру –діннің қуаты және иманнан дүр. Пақырды дұшпан тұту, қор тұту – күпірлік, яғни имансыздықтың нышаны» дейді.
Сондай-ақ Әзірет Сұлтан бабаның бұл «Пақырнама» атты рисаласында «пақырлық» Пайғамбар (с.а.с.) миғражға көтерілгенде – көріп естен танған «бейне», «көктен Пайғамбармен (с.а.с.) бірге жерге енген сурет», «Алладан бір әуез», «ышық шарабы» ретінде баяндалған.
Тағы да машайықтар ол сурет жайында, яғни пақырлық суреті турасында түбін әзірет Мұхаммет Мұстафа (с.а.с.)-нан өзге кісі көрмеген, «түбі жоқ дария», «Құдайдың нұры», әркім басына кигенде екі дүниеде сұлтан болатын «тәж», көңілге түскен «от», қияметке дейін мас қылатын «шарап», екі дүниеде мұратқа жеткізетін «соққы», «Алланың һидаяты» яғни тура жолға салуы, «Алланың дидары», кімге қонса ғаршыға алып ұшып баратын «қыран» деп әр түрлі баяндайтынын да айтады.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) пақырлық турасында жоғарыда келтірген хадисінен басқа, Ясауи бабамыздың көрнекті ізбасарларының бірі Ысхақ ибн Ысмайыл ата Қазығұртидің «Хадиқат ул-арифин» (Алланы танығандардың бақшасы) атты еңбегінде пақырлықтың мәнін аша түсетін тағы да мынадай хадисі келтіріледі: «Кімде-кім нәпсінің мұраттарын тәрк қылса, ол адам – пақыр, әрі оның пақырлығы – біздің пақырлығымыз. Ал кімде-кім нәпсінің мұраттарын көздесе, оның пақырлығы біздің пақырлығымыз емес» деген.
Сонымен бірге Ясауи бабамыздың бұл жоғарыдағы танымал ізбасарының еңбегінен «пақырлықтың» сөздіктегі «кедейлік», «жоқтыққа бату» деген де тікелей мағынасын білдіретін «пақырлық», «дәруіштік» жайындағы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерін кездестіруге болады. Яғни, Әнас ибн Малик (Алла разы болсын одан) Пайғамбарымыздан (с.а.с.) риуаят етеді: Сахабалардың дәруіштері бір күн жиналып, бір кісіні Пайғамбардың (с.а.с.) қызметіне жібереді. Ол дәруіш келіп: Я расул Алла, мен дәруіш сахабалардың елшісімін. Пайғамбар (с.а.с.): Алланың рахметі саған және ол дәруіштерге де болсын. Олардың барлығы менің достарым және жәрдемшілерім дейді. Ол дәруіш: Я Алланың елшісі, дәруіштер айтады, байлар дүниені алды, садақа мен ихсан қылады. Ахиретті де алады. Ал біздерде болса хайыр ихсан қылуға еш нәрсе жоқ дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): Кімде-кім дәруіштікке сабыр қылса, байларға көреалмаушылық қылмаса, Алла тағала олараға ерекше үш керемет береді» дейді: Оның бірінші кереметі олар үшін басқа жаннат халқы кіре алмайтын сарайлар жарататынын, екінші кереметі бәрінен бұрын жаннатқа кіретінін, үшінші кереметі пақырлар жаннат иелерінің патшасы болатынын, әрі Алланың қасында отыратынын айтады.
Сондай-ақ «пақырлық» деп Хақтың жолында жүріп кезіккен барша қиындықтарға сабыр ету мен қорлықтарға төзуді де айтатынын әулиелердің еңбектерінен байқауға болады. Тағы да сол Ысқақ ата Қазығұрти «Алланы танығандардың бақшасы» атты еңбегінде Пайғамбар с.а.с-нің нешеме қорлықтар тартса да, сабырлық танытып, көркем мінез-құлық көрсеткеніне тамсанып, былай дейді: «Әй дәруіштер, үммет болсаңыздар, Мұхамметтің пақырлығы мен сабырлылықтарына қараңдар! Ол көрген қорлықтары үшін ешкімге тіл қатып, ештеме демеді». Ал Ясауи бабамыз болса: «Тарт қорлықты, кәпір нәпсің басы қатсын, Бұл дүниеде жаны өртенсін, жасы да ақсын» деп, пақырлық жолының үлгісін хикметтерінде де көрсетеді.
Алдыңғы ақпарат

ТАРИХ АПТАЛЫҒЫНДА ҚҰНДЫ МҰРАЛАР КӨРСЕТІЛДІ

Келесі ақпарат

2022 жылы 68 елді мекеннің атауы өзгертілді