ТАЙҚАЗАННЫҢ ҚҰЙЫЛҒАНЫНА 620 ЖЫЛ

Кентау қаласындағы Қарнақ ауылында Тайқазанның құйылғанына 620 жыл толуына арналған жиын өтті.
Аталған шараға Тайқазан тарихын зерттеушілер мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұжымы және Тайқазанды құйған шебер Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризидің ұрпақтары қатысты.

Жиын аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі арнайы көрме ұйымдастырды. Көрмеге Тайқазанның тарихынан сыр шертетін суреттер қойылды.

Сондай-ақ Тебризи ұрпақтары тарихи жәдігерлерді жасап шыққан бабаларының рухына арнап ас беріп, құран бағыштады.

Айта кетсек, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Көреген Әмір Темір заманынан қалған құнды жәдігерлердің бірегейі — Қазандық бөлмесінде тұрған қасиетті Тайқазан. Бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елдімекенінде, сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың (мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір) қоспасынан құйылған. Қазанның салмағы — 2 тонна, сыйымдылығы -3 мың литр, биіктігі -1,60м, диаметрі -,42 м, Тұғырының биіктігі -0,54м, диаметрі -0,607м.

Тайқазанның сыртқы бөлігінің өрнектелуі бес бөліктен тұрады. Бірінші жоғарғы бөлігінде қазанды айнала сулус қолтаңбасымен Құран Кәрім аятынан үзінді жазылып, ол пайғамбар хадисімен жалғасады, одан соң қазанның кімге арнап жасалғаны, аяқталған жылы берілген. Екінші қатар ірі он кубба және он өрнекті тұтқа арқылы жиырма катушка бөлінген. Оның қатар орналасқан екі бөлігіне сулус қолтаңбасымен шебердің өз аты-жөні жазылған болса, қалған он сегіз бөлігінде куфи жазу үлгісімен парсы тілінде тілек сөз берілген.
Үшінші қатарда Құдайдың құдіреті жайлы ескерту куфи жазу үлгісімен 22 рет қайталанып жазылған.

Төртінші қатардағы қазанның бүйір бөлігінде тұтқа өрнектеріне ұқсас үлкен жапырақ түріндегі он ою бедерленіп, жиырма кіші кубба орналасқан. Аяқ тұғырымен шектесетін бесінші бөлігінде қиылысқан доға сипатындағы өрнектер бедерленген. Жалпы формасы жүрек пішініне ұқсас және қазақтың дәстүрлі қошқар мүйіз оюларының нәзік үйлесімді иірімдерінен тұратын қазандағы өрнектер Ахмет Ясауидің хәл, яғни жүрек ілімінің мағынасына меңзейтіндей. Осы жүрек пішіні мен қошқар мүйіз оюларының саналуан композициясын кесенедегі лауха, қазанның тұтқасы, шырағдандар, есік алқасы, тағы басқа көптеген заттардан көріп, оларға ортақ ұлттық нақыштағы біртұтас идеялық бірлікті аңғарамыз.

Алдыңғы ақпарат

Түркістандық ақсақал «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне IX-X ғасырларға тән құмыралар табыстады

Келесі ақпарат

ТҮРКІСТАНДА МУЗЕЙ ЭКСКУРСОВОДТАРЫНА АРНАЛҒАН БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ