• 16 Қыркүйек 2019

ТҮРКІСТАНДА МУЗЕЙ ЭКСКУРСОВОДТАРЫНА АРНАЛҒАН БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің базасында музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсы өз жұмысын бастады.

Қазақстанның тарихи және мәдени туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту және туризмді дамытудағы ілкімді қадамдарға қажетті біліктілікті шыңдау бағытында қолға алынған басқосуды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы ашып беріп, дәріс жүргізуші мамандарды таныстырды. Сондай-ақ, туристермен жұмыс жасауда заман ағымына сәйкес біліктілік пен тәжірибені шыңдай отырып,шетелдік методиканы да меңгеру, жан-жақтылықты қалыптастыру музей үшін ең басты міндет екендігін айтқан қорық-музей басшысы Нұрболат Қадырұлы семинарға қатысушыларға сәттіліктер тіледі.

Жаһандану заманында қорық-музей қызметкерлерінің жоғары деңгейдегі қызмет тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған дәріске Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы», «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы», «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы», «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени қорығы» және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығынан 30 экскурсия жүргізушілері қатысуда.

Бес күнге арналған курста қорық-музейлерге қарасты тарих және мәдениет ескерткіштері мен музей залдарының экспозицияларын жұртшылыққа ұсыну, таныстыруды тартымды және сапалы жүргізу, жан-жақты біліктілік, кәсіби этика сынды тақырыптар терең түсіндіріліп, пікір алмасу және шеберлік дәрістері өтеді. Сондай-ақ, ішкі және сыртқы туризм саласын дамытудағы экскурциялық қызмет көрсетудің маңызы мен заманауи әдістемелері де курстың басты тақырыбы ретінде қарастырылған.

Айта кетсек, 27 — 31 тамыз күндері аралығында Түркістан қаласында өтетін біліктілік курсында «Арман-тур» халықаралық туристік агенттігінің, аудармашылар және гидтер мектебінің директоры, Жібек жолының ресми экскурсоводы, ұлттық жаттықтырушы — Абжанова Салтанат Агзамқызы, Бейбітшілік және Келісім Сарайының экскурция бөлімінің басшысы, тәжірибелі экскурсовод Мұқышбаева Ардақ Кеңесқалиқызы дәріс жүргізеді.

Алдыңғы ақпарат

ТАЙҚАЗАННЫҢ ҚҰЙЫЛҒАНЫНА 620 ЖЫЛ

Келесі ақпарат

Өзбекәлі Жәнібековтің туған күніне орай «Тарихи мұра жанашыры» атты көрме өтті