• 30 Қыркүйек 2020

ТӘУКЕ ХАН ЖӘҢГІР ҰЛЫ

Тәуке хан – XV-XVIII ғасырлардағы қазақ хандары әулетінің өкілі, оның арғы шыққан тегі Шыңғыс ханнан, Жошы ханнан бастау алады. Тәуке ханның шығу тегін ортағасырлық жазба дерек мәліметтеріне сүйене отыра былайша көрсетуге болады: Шыңғысхан –> Жошы хан –> Ордаежен –> Сартақтай –> Қоныша –> Баян –>Сасыбұқа –> Ерзен –> Шымтай –> Орыс хан ~-> Қойыршақ –> Барақхан –> Жәнібек хан –* Жэдік –>Шығай хан –> Есім хан –> Жәңгірхан –> Тәуке хан (Рашид ад-дин, 1941: 41–48) Тәуке ханның толық есімі – Тәуекел-Мұхаммед батыр хан (Султанов, 2001: 223.). Ш. Құдайбердіұлы Тәуке ханды Жәңгір ханның қалмақ әйелінен туған ұлы деп жазады (Құдайбердіұлы, 1991: 25). Тәукенің қайтыс болған жылы мен сол тұстағы жасын мөлшерлей келе, оны шамамен 1635 жылдан кейін дүниеге келген деуге болады. Жәңгір хан 1635 жылы ойраттарға тұтқынға түседі де жеті жылдан соң елге оралып, хандық билікті қолына алады. Тұтқында жүріп Жәңгір Хошауыт тайшысы (ханзадасы) Хондуленнің қызына үйленіп, одан 1636–37 жылы Тәуке туылған деген болжам бар. Орыс деректерінде Хондулен Убаши Жәңгірді ұлым деп есептегендігі және Жалаңтөс батырдың досы болғандықтан Батыр қонтайшыға 1643 жылы қосылмайды. Оған дүрбіт Далай тайшы мен хошауыт Абылай тайшы т.б. біраз ақсүйектер қосылмайды. Тәуке ханның есімі жазба деректерде алғаш рет 1650 жылдардың басында кездесе бастайды. Осы жылдары Жәңгір хан жоңғарларға қарсы күресу үшін Шығыс Түркістандағы шағатайлық билеушілерге бірнеше рет елшілік жібереді. Сондай елшіліктің құрамында жас Тәуке сұлтан да Шығыс Түркістанға барып қайтады (Тарих-и Шах Махмуд бен Мирза Фазил Чорас, 1969: 385). Шәкәрімнің де, А.И. Левшиннің де материалдарына тереңірек талдаулар жасау арқылы Тәуке хан билікке келгенге дейін қазақ қоғамында тақ үшін кәдімгідей талас-тартыстардың болғандығын, ру-тайпалар арасында да жанжалдардың өршігендігін көруге болады. А.И. Левшин осы талас-тартыстардың ұзақтығын «бірнеше жылдар» деп жазса, кейбір ғалымдардың пікірінше, ол 28 жылға, яғни Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға дейін созылған. Тарихи әдебиеттердегі материалдардың бәрі Тәуке ханды 1680 жылдан бастап хан болған деп жазады. Оның билікке қандай жолмен келгені белгісіз, ол туралы ешқандай дерек те айтылмайды. Соған қарамастан ол жөнінде мынадай болжамдар айтуға болады. Егер де 1650 жылдардың басында Тәуке хан билік ету үшін өте жас болса, ал 1680 жылға таман оның жасы 40 пен 50-дің орта тұсында болатын. Бұл жас – ер адамның нағыз кемеліне келіп, ақылойы толысқан, өмірлік тәжірибесі жетерліктей жас екені белгілі. Тәукенің ақылдылығы мен шешендігі, кемеңгерлігі мен данышпандығы сияқты ерекше қасиеттері оны билеуші әулет өкілдері арасында айрықша көзге түсіртеді. Сондай-ақ, бұған дейін айтып өткеніміздей, оның ата-бабаларының хан тағын үзбей иеленуі, Жәңгір ханның тікелей ұрпағы болуы, жастайынан мемлекеттік істерге араласуы – оның тақты иелену мүмкіндігін арттырады. Тек Тәуке ханның билікке келуі мен жүргізген саясаты ғана ел ішіндегі барлық таластартыстар мен қантөгістерді, бітпейтін дау-жанжалдар мен өзара қырқыстарды тоқтатады. Сөйтіп, ел ішінде тыныш өмір қалыптасады. Тәуке ханға дейінгі 28 жыл бойғы қантөгіс қырқыстарға қарағанда Тәуке хан тұсында қалыптасқан бейбіт, тыныш өмір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» боп саналады. Тәуке ханның 30 жылдан астам билігі тұсындағы ішкі, сыртқы саясатының басты мақсаты – қазақ елінің бірлігі мен қазақ жерінің тұтастығын сақтау болды. Осы бағытта оның жүзеге асырған ең ірі шарасы «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын шығарып, өмірге енгізуі жатады. «Жеті жарғыны» қабылдаудың қандай алғышарттары болды деген сауалға – XVII ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саяси жағдайының деңгейін жатқызамыз. Бұған дейін айтып өткеніміздей, орталық биліктің болмауы немесе әлсіздігі заңдар мен тәртіптердің орындалмауына және бұзылуына, саяси өмір мен қоғамдық өмірде әлімжеттілік принциптің белең алуына, ұрлық-қарлықтың, зорлық пен зомбылықтардың көбеюіне және тағы осындай келеңсіздіктердің кең етек жаюына алып келеді. Тәуке хан билікке келген бойда-ақ, ең алдыменен, ішкі қоғамдық өмір мен саяси жағдайды реттеуге күш салады. «Жеті жарғының» өмірге келуінің алғышарттары мен себептері осындай болған дейміз. Тәуке ханның аты тарихта «Жеті жарғы» заңдарымен де тығыз байланысты айтылады. Ол қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, билер сотының тәжірибелерін, аса дарындылықпен айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты қазақ заңдарын жаңа жағдайға сай өзгертіп, толықтырып, дамыту негізінде «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын құрастырды. «Жеті жарғы» орыс деректерінде «Тәуке хан заңдары» деген атпен белгілі. Тәуке хан көршілес елдермен жүргізген қарым-қатынасында, әсіресе аштарханилық әулетпен және Ресей мемлекетімен арадағы даулы мәселелерді бейбіт түрде шешуге және сол елдермен тығыз байланыстарын дамытуға күш салады. Тәуке хан өзінің даналығы арқасында ел арасында «әз-Тәуке» деген атқа ие болған. Қазақ жеріне орыс елшілігін бастап келген М.Тевкелев 1748 жылы жазған құжатта: «Тәуке хан өте ақылгөй кісі болған, оны қырғыздар (қазақтар) үлкен құрметпен еске алады», – деп көрсетеді. Халық зердесінде Тәуке заманы Қазақ хандығының ең бір өркендеген «алтын ғасыры» деп еске алынады. Орыстың белгілі тарихшысы А.И.Левшин Тәукені көне Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен теңеген. Тәуке ханның қайтыс болған жылын алғаш рет В.В. Вельяминов-Зернов шамамен 1718 жыл деп көрсеткен болатын (Вельяминов-Зернов, 1864: 380–381). Содан бері тарихи әдебиеттер мен арнайы зерттеулердің бәрінде Тәуке ханның өлген жылы деп осы жыл көрсетіліп келеді. Тәуке хан Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласына, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына жерленеді. Тәуке ханның арғы-бергі ата-бабаларының бәрі дерлік ХІІІ-ХVІІ ғасырлар аралығында Қазақстан аумағындағы саяси биліктің жоғары сатысында болып, осы ғасырлардағы саяси тарихта терең із қалдырған, қазақ елінің қалыптасуы мен дамуына өз үлестерін қосқан тарихи тұлғалар еді. Өз кезегінде Тәуке хан да өзі билік құрған жылдары ата-баба жолы мен дәстүріне сай Қазақ елінің дамуына ұланғайыр еңбек сіңіріп, есімі ел есінде сақталып қалған тұлғалардың қатарына жатады.

Сегіз қырлы кесене

(Кесене қирандысын 1958 жылы Б.Н. Немцева, 1974 жылы Т.Н.Сенигова, 1997 жылы Е.А. Смағұлов зерттеп, архитектор Н.Х. Имажанов тұмшалау жобасын жасаған. Алғашқы зерттеу кезінде кесене еденінде орналасқан үш құлпытас аршылған, олардың ортасындағысының астына археологиялық қазба жүргізген кезде саз кесектен қаланған лаһат шығып, ішінен мұсылман дәстүрімен жерленген адам мәйіті шыққан. Б.Н. Немцева экспедициясының антропологы В.Я. Зезенкова мәйітті қозғамастан зерттеу жүргізіп, сүйектің моңғолдық нәсілдің оңтүстік сібір типіне (қазақ-қырғыз) жататындығын анықтаған. Қалған екі мәйіт аршылмаған. Тарихи деректерде «Әзірет Сұлтан» кесенесі алдында үш кесене болғандығы және олардың Есім, Тәуке, Жәңгір хандарға тиесілі екендігі жайлы мәлімет сақталған. Соңғы жылдардағы тарихи зерттеулер негізінде (М.Қ. Тұяқбаев) бұл сегіз қырлы кесенеге 1715–1718 жылдары аралығында қайтыс болған Тәуке хан мен оның ұлдары Болат хан (1724 жылы қайтыс болған) және Сәмеке хандар (1738 жылы қайтыс болған) жерленген деп жобалайды).

Алдыңғы ақпарат

ЖӘҢГІР ХАН ЕСІМ ҰЛЫ

Келесі ақпарат

ҚАЙЫП ХАН ҚОСРАУ ҰЛЫ