• 30 Қыркүйек 2020

ҚАЙЫП ХАН ҚОСРАУ ҰЛЫ

Қайып ханның туылған жылы нақты белгілі емес. Қайтыс болуы 1718 жылдың аяғы. Тарихшы-ғалым И.В. Ерофеева тарихи деректерге сүйене отырып оны Қосрау сұлтанның баласы, Сырдақ сұлтанның немересі, атақты Есім ханның ұрпағы (Ерофеева, 1997: 74) деген пікір білдіреді. Қазақ хандарының Жәдік әулетінен шыққан. Оның ұлдарынан белгілілері: Батыр сұлтан мен Құдайменде. Қайып Қосрауұлы Тәуке хан билік құрған кезеңде, шамамен 1703–1710 жылдары бір ұлыстың ханы болған. Тәуке хан 1715 жылы дүниеден өткен соң, оның орнына қазақтың ұлы ханы болып көтеріледі. Тарихи деректерде XVIII ғасыр басында Қайып ханға Кіші, Орта жүз руларының белгілі бір бөліктерінің бағынғанын, 1715 жылдан бастап Түркістан мен оның төңірегіндегі кейбір елді мекендерге, ұсақ қалаларға билігі тарала бастағаны айтылады. Қайып хан қазақ-орыс қатынастарын дамытуға өзіндік үлесін қосты. XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастарына қатысты құжаттар Қазақ хандығының ханы болған Қайып Қосрауұлы жүргізген саясаттарының мәні мен мақсаттарын аша түседі. Осы құжаттарда Қайып ханның сыртқы саясатын дәлелдейтін 8 құжат жарияланған. Соның ішінде 1718 жылдың 1 мамырында Сібір губернаторы М. Гагаринге жазылған хатта Қайып, Әбілқайыр хандар жалпы қазақтар атынан башқұрттар қуып әкеткен 1500 жылқыны қайтаруды сұраса, 1718 жылдың 10 желтоқсанындағы хатында I Петрден жоңғарларға қарсы күресте бірлесуге шақырады (Казахско-русские отношения в XVI- XVIII веках, 1961: 247). Қайып тұсындағы қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы өте шиеленісті болды. Оған шығыстан жоңғарлар, батыстан башқұрт пен қалмақ билеушілері үнемі қауіп төндіріп отырды. Осыларға қарсы шығатын, елеулі жәрдем беретін одақтас іздеу – Қайыптың сыртқы саясатының басты әрі шешуші мақсатына айналды. Бұл ретте ол батыстағы көршісі – Ресейден көп көмек күтті. 1716 жылы Тобылға жіберілген қазақ елшілері Бекболат Екешев пен Байдәулет Бөриев сынды батырлар Қайыптың Ресей үкіметімен тығыз қарым-қатынас, «мәңгілік бітім» жасауға, Жоңғар хандығымен күресте қазақ-орыс әскери одағы туралы келісімге қол жеткізу және «оларға сауда-саттық жолымен Тобылға баруға мүмкіндік беру үшін» Ресейдің жақын жердегі рыноктарына қазақ малшыларының кедергісіз баруына кепілдік алу мәселелерін Сібір губернаторы М.П. Гагаринге хабарлады (Қазақстан тарихы, 2002: 111). Өз тарапынан Сібір әкімшілігі Қайыптың бұл тілектерін орындауға ықыласты екенін білдірді. Жоңғар хандығымен күрестің кезек күттірмес мәселелері Қайыпты Қазан губернаторы П.С. Салтыковпен де байланыс жасауға мәжбүр етті. Қайып тұсында Қазақ хандығы мен Ресей арасындағы саяси қарым-қатынастардың жандануы Жоңғарияға қарсы күресте екі жақты күш біріктіру мақсатына байланысты болды (Қазақстан тарихы, 2002: 112). Тәуке ханның мұрагері ретінде Ұлы хан билігін алған Қайып хан Орта жүз сұлтандарымен тақ үшін болған күресте 1718 жылы қаза тапқан. Оның Түркістанға жерленгендігі туралы нақты деректер болмағанымен, тарихи деректерде жасалған болжамдар бар.

Алдыңғы ақпарат

ТӘУКЕ ХАН ЖӘҢГІР ҰЛЫ

Келесі ақпарат

ТҰРСЫН ХАН ҚҰДАЙМЕНДЕ