ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің Тәуелсіздік туы астындағы 30 жылдық жетістігі мен мақсатын тереңнен толғап сараптайды. Расында да өткен мен жаңа дәуір өткелінің тар соқпағынан болашақ даңғылына жол салған Қазақстан Республикасы әрбір саланың төл тамырына қайта жан берді. Соның ішінде тарихты зерттеу, зерделеу, қайта жаңғырту бағыты қарқын алып, түп-тамырымыздың тарихи шежіресі өз сырын айқын, анық шерте бастады. Оған дәлел — түбі бір түркі жұрты бас иген Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және оның айналасындағы тарихи-мәдени орындардың жаңғыруы, археологиялық қазба жұмыстарының жандануы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында «Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілді. Бұрын бәймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты»,-деді.
Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі аумағында атқарылған істердің бірқатарына тоқталғанды жөн көрдік.
Түркістан қаласының түп тарихын зерттеу — тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі.Орта Азия мен Қазақстан аумағында өркендеп, түрлі шапқыншылық кезеңдерде басқа елдімекендер сияқты тарих сахнасынан өшіп кетпей, қазіргі уақытқа дейін өмір сүріп келе жатқан саусақпен санарлық қалалардың бірі — Түркістан.
Әуелі Иасы, кейін Түркістан атанған қаланың тарихы тым терең. Ертедегі Иасының орны — Күлтөбе. Қазіргі Түркістан айналасындағы басқа да көне және ортағасырлық мекен құландылары: Сидақ ата, Шойтөбе, Қарашық — I, II, Төрткүлтөбе- I, II атты ескерткіштер археологиялық тұрғыдан зерттелу үстінде. Ал Иасы — Түркістанның XV-XVIIІ ғасырлардағы тарихын зерттеуде кезек күттірмейтін шаруа. Себебі, түрлі кезеңде қала айтулы өзгерістерге тап болған. Қазақ хандығы тұсында Иасы шағын қыстақ дәрежесінен Қазақ хандығының бас қаласына айналды. Қаланың осы кездегі тарихын зерттеу арқылы төл мемлекетіміздің тыныс-тіршілігінің қыр-сырларын тануға болады.
Мұнда ел тағдырын шешкен мәслихаттар өткен, хан сайлаған құрылтайлар болған.
Күлтөбе» қалашығы (І мың жылдық ортасы –ХІҮ ғ.) «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ескерткіштер тізіміндегі Республикалық маңызы бар ескерткіш және Қазақстандағы көне қала орны.
Күлтөбе қалашығының цитаделінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап қарқын алды. Осы жылдар ішінде І-ІІІ ғасырларда салынған төрт жапырақты гүлге ұқсас сирек кездесетін ғибадатхана (әлде кешік) қосалқы құрылысы және дәліздері, ауласы мен оңтүстік бетін қоршаған қорған қамалымен аршылды.
Қазбадан біздің заманымыздың І-ІІІ ғғ., ІV-VІ ғғ. және VІІ-ІХғғ. жататын құрылыстар табылды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне қарасты тарихи-мәдени орындарды қайта жаңарту бағытында 2019-2021 жылдарға арналған үш жылдық даму жоспары негізінде Күлтөбе қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары ерекше нәтижелерге қол жеткізді. 2019 жылы Күлтөбе қалашығында қазақ және қоқан хандығы тұсындағы үйлердің орны анықталса, өткен жылы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі аумағында екі рет сенсациялық жаңалық ашылды.
Оның бірі ортағасырлық ханака орны болса, келесі жетістік Ескі Түркістан қаласының көне шахристанынан табылған XVIII-XIX ғасырларға тән керуен сарай, монша, керамикалық цех, мектеп орындары және Жеті ата қақпасына дейінгі ортағасырлық магистралды көше бойындағы хандардың намаз оқитын жеке бөлмесі мен әскери мұнаралар, қонақ қабылдайтын бөлмелер болатын.
Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты тарихи орындарды анықтау, қайта қалпына келтіру мақсатында жобасы дайындалып, 18 тарихи-мәдени мұра нысанын реставрациялау және қайта жаңғырту жұмыстары жүзеге асты. Оның ішінде, Қожа Ахмет Ясауи және Рәбия Сұлтан Бегім ана кесенелерінің күмбездерін жаңарту, Қабірхана, Үлкен Ақсарай және Құдықхана бөлмелерін реставрациялау жұмыстары да бар.
2018 жылғы 29 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Түркістан облысына жасаған сапары барысында «Әзірет-Сұлтан» музей-қорығын ЮНЕСКО-ның бірегей ескерткіші ретінде қалпына келтіру жоспары бекітілді.
Жоба ежелгі римдік Помпей қаласының музейі, Осман империясының «Топкапы» сарайы, Иерусалим қаласы сияқты әлем ескерткіштерінің тәжірибесіне сүйене отырып, әзірленді. Оларға жыл сайын осы елдердің экономикасына үлкен кіріс әкелетін миллиондаған туристер барады.
Осы орайда 2025 жылға қарай Түркістанға келетін туристердің саны 5 млн. аса адамды құрайтын болады, олардың келу уақыты да 3 сағаттан 4-5 күнге дейін ұлғайту көзделген.
Сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи келбетін қайта жандандыру жұмыстарының да маңызы ерекше. Өткен жылы Қазандық бөлмесінде орналасқан Тайқазанның айналасындағы лаухалар тарихи орнына орналастырылса, ортағасырлық кітапхана бөлмесі де тарихи қызметіне кірісті. Сондай-ақ, Ақ Сарай бөлмесі де музейлендірілді. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің биылғы мақсаты — кесененің басты жәдігерлерлерінің бірі ортағасырлық шырағдандарды өз орнына орналастыру және Жолбарыс хан дәлізінің тарихи келбетін жаңғырту.
Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК осы уақытқа дейін 90-ға жуық ғылыми, танымды кітаптар мен түрлі баспа өнімдерін жарыққа шығарған.
Сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі жақын күндері тарихи-танымды және зерттеу бағытында бірнеше кітаптың тұсауын кескелі отыр.
Түркі әлемінің тұлғасы Қожа Ахмет Ясауи тарихын дәріптеу, балалық шағынан бастап шәкірттеріне дейінгі толыққанды мәліметтерді топтастыру, тың деректер іздеу, насихаттау мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Ясауи ізімен» жобасы қолға алынып, оның туған жері Сайрам өңірінен бастап, Созақ ауданы мен Жамбыл облысында ғылыми зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Алдағы уақытта Ясауидің шәкірттері таралған 100-ден елге де экспедиция ұйымдастырылып, тарихи деректер іздестірілетін болады.
Бұған дейін Түркістан және Қожа Ахмет Ясауи мен кесенеде жерленген тұлғаларды дәріптеу мақсатында 2018-2019 жылдары Түркия, Грекия, Ресей, Өзбекстан елдерінде арнайы көрмелер ұйымдастырылып, төл жәдігерлер таныстарылды.
Жоғарыда айтылған ауқымды істер Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласында айтылған тұғырлы Тәуелсіздік жылнамасындағы тарихи еңбектердің бір шоғыры деп білеміз.
Алдыңғы ақпарат

Күрсі, ХХ ғ.

Келесі ақпарат

Қолжазба «Аль фикх-уль Акбар»