Төтенше жағдай кезінде министрліктің онлайн жобалары 60 млн. көрсетілім жинады

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметі алаңында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған Төтенше жағдай кезінде ұйымдастырылған онлайн жобалар жайлы да айтты.

«Төтенше жағдай кезінде Мəдениет жəне спорт министрлігі көптеген онлайн жобаларды жүзеге асырды. Нәтижесінде олардың көрсетілім саны 60 миллионға жуықтады.

Осы аралықта 160 концерт пен қойылым, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы өз қорынан 223 туындыны, кітапхана қоры 60 мыңға жуық оқулықтың электронды нұсқасын ғаламтор беттеріне жүктеді.
Еліміздің маңдайалды музей, театр, кітапханалары тегін концерт, қойылым, спектакль, 3D турлар ұйымдастырды.
Сонымен қатар Zoom платформасы арқылы онлайн-конференциялар өткізу тəжірибесі қолданысқа енгізілді. Дəл осы платформада əлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай жəне рухани мұра», шығыстың ғұлама ойшылы Əл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Əбу Насыр Əл-Фараби мұрасы жəне осы кезең» атты халықаралық онлайн-конференциялар өтті.

Карантин уақытында ел есінде қалған онлайн жобаның бірі — «Карантиндегі жұлдыз». Жалпы жоба аясындағы қазақ эстрада əншілерінің 42 live концерті You Tube видео хостингінде 20 миллионнан астам көрсетілім жинады.

Ал спортшылар #TeamKZ, #AlgaQazaqstan акциясын қолға алып, əр таңды онлайн жаттығумен бастады. Тұрғындарға үй жағдайында орындауға болатын жаттығулар тізбегін ұсынды. Министрлік Қазақстан киберспорт федерациясымен бірлесіп киберспорттан Alaman#StayHome халықаралық турнирін, chess.com сайтында блиц-шахматтан Uide Bol Cup 2020 онлайн-бəсекесін өткізді»,- деді министр.

Алдыңғы ақпарат

ҚР Парламентінің Сенаты «Лотереялар және лотереялық іс-шаралар мәселелері» туралы Заң жобасын мақұлдады

Келесі ақпарат

Ғылыми-рестоврациялық қалпына келтіру жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесі қабылданады