• 29 Қыркүйек 2020

Профессор Жамбыл Артықбаев Түркістан құпияларына арналған онлайн-дәріс өткізді

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаев «Түркістан құпиялары» атты онлайн-дәріс өткізді.

Ер түріктің бесігі — Түркістан өңіріндегі тарихи жер атауларының шығу тарихы мен маңызы, көне Түркістан қаласының жұмбақ сыры мен тың деректері жөніндегі зерттеу еңбектерімен бөлісуге арналған дәрісте аңыз-әңгімелердің мәні, халықтың сенім-нанымдары туралы да ауқымды мәліметтер айтылды.

««Арыстанбапқа түне, Әзіреті Сұлтаннан тіле», деген кең түсінік қалыптасқаны белгілі. Халық ең бірінші Түркістаннан 60 шақырым жердегі Арыстанбаб кесенесіне барады. Неге? Осы жерде бір құпия бар. Оның себебі ислам Түркістан өңіріне келген 8-9 ғасырда Арыстанбапта түркілердің тәңіршілдік дінінің орталығы болған. Егер тарихи-этнографиялық деректерді қарасаңыз сіз арыстанның қарлұқ тайпаларының ортақ тотемі екенін белген болар едіңіз. Ал енді Арыстанбап кесенесіне кірген уақытта сіз назар аударсаңыз — Лашын бап, Қарға бап, тағы да басқа баптарды көресіз. Олардың барлығы да түркі халықтарының қасиетті тотемдері, түсінікті тілмен айтсақ -қасиетті ата-бабалары.

Құтайбы бастаған арабтар бұл жерлерді әскери күшпен бағындыра алмаушы еді. Себебі Сырдың ар жағында даланың жауынгер тайпалары тұрды. Сондықтан олар жергілікті тәңіршілдік діннің өкілдері – қожалармен мәмілеге келуге мәжбүр болды, яғни біздің ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдады және өзінің тәңіршілдік әдет-ғұрып, дәстүрлерін сақтап қалды. Міне, осылайша қазақ исламы деген феномен дүниеге келді. Тәңіршілдік діннің абыздары ислам жағына өтті. Қазіргі күні қазақ қожаларының ішіндегі толып жатқан әулеттер өз тегін тәңіршілдік діннің өкілдері — жергілікті қожалардан алады. «Арыстанбапқа түне, Әзіреті Сұлтаннан тіле» деген сөздің құпиясы осында»,-деді Ж.Артықбаев.

Осылайша аңыздар мен салт-дәстүрлердің түпкі шығу мәні жөнінде деректер келтірген профессор Жамбыл Омарұлы Түркістан құпияларын 12 бөлікке бөліп, жекелей түсіндіріп өтті.

Күлтөбе мен Сауран, Сығанақ, қырық қақпалы Қарашық, Қарахан өркениеті, Созақ жеріндегі Қарахан дәуіріне тән пантеондар, Қарнақ және Жеті Нақ туралы әңгіме, Ясауидің жерасты қылуеті мен Сайрамның байланысы, Кәріз қонысының құпиялары толы қызықты да тарихи деректермен бөлісті.

Онлайн-дәріс барысында көптеген сауалдар қойылып, нақты жауап берілді.

Алдыңғы ақпарат

Қазақ тілін үйрететін портал іске қосылды

Келесі ақпарат

18 сəуір- Халықаралық тарихи орындар мен ескерткіштер күні