• 08 Желтоқсан 2019

«Музейге сый» акциясында қырыққа жуық жәдігер табысталды

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Музейге сый» акциясы өтті.

Шара аясында қорық-музей қорына 40-қа жуық археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық жәдігерлер табысталды. Олардың қатарында жаңа тас дәуіріне тән жебенің ұшы (шамамен б.з.д. 5-3 мыңжылдықтар), жазба ескерткіштер мен құмыра және түрлі қыш бұйымдар, Үкаша ата кесенесін қайта жаңарту үшін көп еңбек сіңірген Атажан молда мен Кәміл қарының киген киімдері, жайнамаздары, қолданған тұрмыстық заттары, түркістандық қолөнер шеберлерінің тоқыма кілемдері мен сырмақтары сынды көптеген көне жәдігерлер бар.

-«Музейге сый» акциясы «Әзірет Сұлтан» қорық музейінде жыл сайын өткізіліп келе жатқан ауқымды іс-шаралардың бірі. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраларымызды кеңінен насихаттауға арналған тың жобалар ұсынғаны белгілі. Музейге сый жасау үрдісі атақты Әмір Темірден бастау алса, көне мұраларды жинақтап, сақтау, қорғауда белгілі этнограф-ғалым, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің де еңбегі зор. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Адасқан Алтаев, Қазақ ССР халық суретшісі Сахи Романов, Ахмадулла Исаев, Аман Абдуллаев, А.Хамракулов сынды музей жанашырларын да атап өтпеу мүмкін емес. Технологияның қарыштап дамыған заманында көне заттардың күнделікті тұрмысқа қажетсіз болғанымен, халқымыздың өткен өмірі мен тарихын зерттеуде, болашақ ұрпақтың өз тарихы мен болмысын тануда маңызы зор. Қырық бір жыл бұрын 300-дей ғана жәдігері бар «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде қазіргі күні 24 481 данасы мемлекеттік тіркеуге алынды. Бүгінгі шараға да өз үлесін қосуға келген барша музей жанашырларына алғысымды білдіремін»,- деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Қадырұлы.

Аталған іс-шараға Қазақстаннан ғана емес Түркия, Өзбекстан Республикалары да атсалысып, құнды жәдігерлер табыстауды дәстүрге айналдырған.

-«Қала тұрғындарын халқымыздың рухани-материалдық болмысын тану мен сақтауда маңызды тарихи жәдігерлерді «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорына өткізуге шақырамын. Музейге тапсырылған жәдігерлер ғана ондаған, жүздеген жылдар өтсе де ұмыт қалмай, болашақ ұрпақтың тарихына арналады.
Мен әжемізден жеткен қолдан жасалған сырмақты табыстадым. Бір сырмақтың оюларының өзінде қаншама мән-мағына бар. Бір-біріне үйлескен түстердің өзінен ата-бабамыздың мал және ауылшаруашылығын дамытып, табиғаттың нәзік сырларын терең ұғынғандығын түсінуге болады. Қазақтың қолөнері — терең философия. Түркістанға келген барша көрермендер ұлы тұлғаларымыздың өмірімен қатар халықтың қолөнерімен де танысуы тиіс деп шештім», — деді Түркістан қалалық әжелер кеңесінің мүшесі Қарлығаш Сейтжаппарова.

Айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» қорық — музейіндегі қорды толықтыру мақсатында өткізілетін «Музейге сый» акциясында жәдігерлер екі бағытта қабылданады. Құнды дүниелер негізгі қор есебіне қабылданса, экспозиция және көрме құруға көмекші құрал ретінде пайдаланатын жәдігерлер ғылыми көмекші қорға тіркеледі.
Қазіргі күні 24 481 дана жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынса, оның ішінде сыйға берілген жәдігерлер саны 1780 дананы құрайды. Соңғы 3 жылда қабылданған 741 жәдігердің 268-і сыйға берілген мұралар болып табылады.

«Музейге сый» акциясы алдағы уақытта да жалғасын табады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Алдыңғы ақпарат

Ұлттық валюта күніне орай көрме ұйымдастырылды

Келесі ақпарат

«Карл Байпақов — археология сардары» көрмесі ашылды