МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы 2023 жылдың 24 ақпан күні, Түркістан облыстық «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасында, мемлекет қайраткері Т.Жүргеновтың 125 жылдығына орай «Ұлтын ұлы биіктерге көтерген тұлға – Темірбек Жүргенов» тақырыбында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді.
Мәдени шара – Темірбек Жүргеновтың өміршең мұрасын, қайраткерлік күресін, ағартушылық қызметін насихаттауды мақсат тұтады.
Алқалы басқосуды «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры М.Садықбеков сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы болып сөз алған Т.Жүргенов қорының төрағасы, Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, «Болашақ» университетінің құрметті профессоры Аңсат Сәпен Әбдіқадырұлы Т.Жүргеновтың С.Қожановпен бірлесе атқарған жұмыстары, Т.Ізтілеуов пен Т.Жүргеновтың арасындағы рухани байланыс жайлы баяндады және өзі басшылық ететін қордың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
Алаштанушы ғалым, т.ғ.д., профессор Х.Тұрсұн Т.Жүргенов, Қ.Қожықов, Н.Төреқұловтардың архивтерде сақталған құжаттарына байланысты тұшымды баяндама жасады. Филол.ғ.д., профессор Қ.Ергөбек Т.Жүргеновтың жары Д.Ермекова жайында баяндама оқыды. Т.ғ.к., өзбекәлітанушы Б.Адырбекова, ҚР Білім беру ісінің үздігі А.Серім Т.Жүргеновтың жазған мақалалары мен кітаптары жайында сөз қозғаса, Түркістан облыстық қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының мүшесі, т.ғ.к., профессор Л.Динашева 1932-1938 жж. репрессия құрбандарына қатысты соңғы жылдары атқарылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды. Филология ғылымдарының кандидаты, «Ясауитану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Н.Мансұров алдағы уақытта Т.Жүргеновтың мақалалары мен кітаптарын мектеп бағдарламасына қосу мәселесін көтерді.
Жалпы ұлт қайраткері Т.Жүргенов тұлғасын ашуға, еңбегін насихаттауға арналған дөңгелек үстел өте нәтижелі өтті. Жиынға жоғарыда аттары аталған азаматтардан өзге елімізге белгілі бір топ ғалымдар, жергілікті музей басшылары, қоғамдық ұйым, мәдениет, білім салаларының өкілдері және алаштану саласында зерттеу жүргізіп жүрген докторанттар мен магистранттар қатысты.
Шара соңын қорытындылаған «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры М.Садықбеков барша қонақтарға риясыз алғысын білдіріп, музейдің баспа өнімдерін сыйға тартты.
Берік Байболов, ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы.
Алдыңғы ақпарат

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында Бейбарыс сұлтанға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

Келесі ақпарат

Астаулар