Астаулар

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорында да ХVI-ХIХ ғасырлардан сақталған ағаштан жасалған үй жиһаздары, асханалық ыдыстар, тұрмыстық бұйымдар, қару жарақтар: шоқпар, үзілмелі шоқпар, өрнектеліп жасалған киіз үйдің босағасы мен мен маңдайшасы сияқты сирек кездесетін тек ағаштан жасалған 180-нен аса  жәдігерлер бар.

Сондай ағаштан жасалған құнды жәдігерлердің бірі Қ.А.Ясауи кесенесінің экспозициясын да орналасқан музей қорына алғашқы қабылданған жәдігерлердің бірі КК 19/1,2 нөмірлерімен есепке алынған-Астаулар. Өлшемдері: 240 х 40 х 33 см, 225 х 40 х 25 см. Материалы, қайың ағашы.  Кесененің «асхана» кезінде «халимхана» деп аталып кеткен бөлмесінде сақталған екі ағаш астау аса өрнектеліп, күмістеліп сәнді етіп жасалмаса да, өте үлкен етіп жасалғандығымен ерекшеленетін көп кездеспейтін бірегей дүние. Астаулар қайың ағашынан қолмен ойылып жасалған. Ұзынша болып келіп қабырғасы тік көтерілген, өрнексіз. Біреуінің екі жағында ұстап көтеруге арналған тұтқалары бар, екіншісінде тұтқа жоқ. Ұстасы белгісіз. Екі астаудыңда шытынап жарылған жерлері металмен құрсауланған.

Әмір Темірдің «Вакуфнамеде» (кепілдік, өсиет) айтылған  «Халим аба» тағамының осы астауларға салынып таратылғаны туралы зерттеуші М.Е.Массонның еңбегінде де «Бір кездері қасиетті тайқазанға жұма намазынан соң мұсылмандарға таратылатын тәтті араластырылған су құйылатын, іле-шала кедей-кепшік пен кезбелерге халим асы үлестірілетін. Киселге ұқсас сұрғылт түсті тамақты үлкен ағаш астауға дәу ағаш ожаумен құятын. Астауды төрт кісі көтеріп қазандық бөлмесіне жеткерген соң бірнеше аспаз жұмылып халимді ағаш тостақтарға тез-тез құйып шығатын. Ғибадатын өтеп болған діндарлар тостақты бір-біріне жылдамырақ асырып жібереді. Әдетте бұл рәсім баc-аяғы жарым сағатта бітеді де жұрт тарасып кететін»- делінген.

Шамамен ХV-ХVI ғасырларда жасалған бұл ағаш астаулар да Әмір Темір дәуірінен қалған Тайқазан, Шырағдандардан кейінгі заттай дерек, құнды жәдігерлердің бірі.

Алдыңғы ақпарат

МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

Келесі ақпарат

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен заңнамаға енгізілген өзгерістердің арқасында мемлекет кәсіпкерлерге туристік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтейді