Үкіметте Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын тойлауға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді

Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойын тойлау жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.

Кеңеске мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, ғылым және жоғары білім, ақпарат және қоғамдық даму, оқу-ағарту, сыртқы істер вице-министрлері және Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары, ЖОО ректорлары, тарихшы-ғалымдар, Жазушылар Одағы, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және т. б. қатысты.

Отырыста Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспары талқыланып, бірауыздан бекітілді.

Мерейтой аясында 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда, олардың 50-ге жуығы халықаралық және ұлттық деңгейде өтеді. Бұл іс-шаралар ұлы батырдың мұрасын мәдени-танымдық және ағартушылық бағыттарда насихаттауды көздейді.

Мәселен, Каир қаласында Бейбарыс сұлтанның  мешітінің салтанатты ашылуы, Қазақстанның Мысырдағы мәдениет күндері, Түркістан облыстық Ш. Қалдаяқова атындағы филармониясының, «Сүгір» ұлттық аспаптық оркестрінің концерті өтеді.

Сондай-ақ ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлесіп Түркітілдес елдердің ақын-жазушыларының шығармашылық жарысын (мүшайра), Каир қаласынан Түркістанға ислам өнері мұражайы қорынан «Мәмлүктер дәуірі» жылжымалы көрмесін өткізу жоспарланып отыр.

Кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов біздің құндылықтарымызды құрметтеу, әл-Фараби, Абай, Бейбарыс сұлтан сияқты алып тұлғалардың ұлы істерін дәріптеу ұрпақтар алдындағы ортақ парыз екенін атап өтті.

Алдыңғы ақпарат

«МУЗЕЙГЕ ЖОЛ» ШАРАСЫ ЖАЛҒАСУДА

Келесі ақпарат

КЕСЕНЕНІҢ БАТЫС, СОЛТҮСТІК, ШЫҒЫС ФАСАД ҚАБЫРҒАЛАРЫНЫҢ ФРИЗІНДЕГІ ЖАЗУ