МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ДӘСТҮРЛІ КӨРМЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

28 тамыз — көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі этнограф, тарихшы ғылым Өзбекәлі Жәнібековтың туған күні. Тар заман, тайғақ кешу дәуірінің өзінде мансабын ғана емес, басын да қатерге тіге жүріп, ұлты үшін ұлы істерді атқарып кеткен қазақ руханиятының қара нары, «Рух сардары» атанған Ер Өзекеңнің туған күні есті жанның бәріне мереке. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы осы мерекені, яғни Өзбекәлі Жәнібековтың туған күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Биыл он бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған рухани-мәдени шара «Өзбекәлі Жәнібеков тағылымы» деп аталды. Осындай атпен тақырыптық көрме ашылды.
Көрменің ашылу салтанатында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры М.Садықбеков қайраткер тұлғаның Қазақ Елі үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз екендігін айта келіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау, қалпына келтіру, музейлендіру бойынша Өзекеңнің еңбегі ерен екендігіне тоқталды. Сондай-ақ биылғы көрменің ерекшеліктерін атап өтті. Ол — Ө.Жәнібековтың мәдениет министрі болып отырған тұста «Әзірет Сұлтан» музей-қорық қорына өткізген жәдігерлері мен Өзекеңнің өзі разы болып, еңбектерін жоғары бағалаған, кітаптарында атап өткен, елімізге еңбегі сіңген азаматтардың да жеке заттарының көрмеге қойылуы. Ол азаматтар — КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен КСРО-ның халық мұғалімі құрметті атағымен марапатталған атыраулық азамат Құсни Айтқалиев пен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген құрылысшы, реставратор Арынбек Оразбайұлы.
Музей-қорық директоры аталған азаматтардың ұрпақтарына көрме ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқаны үшін алғыс білдіріп, сый-сияпат жасады.
Бұдан соң Түркістан қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайынбетов, Түркістан қаласының құрметті азаматы, ардагер ақын Нұрмахан Назаров, Түркістан қаласының құрметті азаматы Мақсұт Атамбаев, Өзбекәлі Жәнібековтың қарындасы Айғаным Абанқызы, кезінде Өзбекәлі ағамыз өзі жұмысқа қабылдаған, бірге қызметтес болған апайымыз Рахия Сүлейменқызы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген құрылысшы, реставратор Арынбек Оразбайұлының ұлы Арыстанбек Арынбекұлы сөз алып, Ө.Жәнібеков жайлы пікірлерімен бөлісті.
Көрменің ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзербаев, қалалық Мәслихаттың аппарат басшысы Жанболат Ибрагимов, елімізге белгілі ғалымдар, ЖОО, кітапхана, жалпы орта, салалық мектептер мен орталық ұйым басшылары, қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатынан соң жиналған көпшілік «Өзбекәлі Жәнібеков тағылымы» көрмесін тамашалады.
Көрме келушілерге бір ай қызмет көрсететін болады.
Алдыңғы ақпарат

МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ l ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІ

Келесі ақпарат

МИХРАБТАҒЫ ЖАЗУЛАР