ҚАСЫМ СҰЛТАН АБЫЛАЙ ХАН ҰЛЫ

Туылған жылы белгісіз, 1836 жылы Ташкентте қайтыс болған. Абылай ханның ұлы, Кенесары ханның әкесі. Қасым өте табанды және әділетті, ұлтына берік жан болған. Қасым сұлтан бүкіл өмірін Ресей империясына қарсы күресте өткізді. Орта жүзде хандық жүйенің жойылуы және т.б. әскери-әкімшілік шараларға қарсы күрес жүрді. Оның басында тұрған Қасым сұлтан Абылайұлы және оның балалары жиырма жылдан астам уақыт бойы патшалық тәртіпке карсы табанды күрес жүргізді. Бұл толқулардың мақсаты – Абылай ұрпақтары сұлтандар билік жүргізетін Қазақ хандығын қайта орнату еді. Оған жәрдемдескен екі ұлы, Саржан сұлтан мен Кене хан оның басты қолбасшылары болды. Дұшпандарының қолынан қаза тауып, ол Әзірет Сұлтан мешітінің жанындағы Абылай хан қабірінің жанына жерленеді. Бұл туралы О.Дастановтың «Қазақстан» баспасынан 1967 жылы басылған «Әулиелі жерлер туралы шындық» атты кітабында «Кейбір жорамалдар мен халық аузындағы айтылып жүрген аңыздарға сүйенсек, «үлкен Ақсарайға» жерленгендер мұнан да көп болса керек. Бірақ күтімсіздіктің салдарынан көпшілігіне қойылған құлпытастар құрып кеткен. «…Кенесарының әкесі де осында жерленсе керек» (Дастанов, 1967: 26) – деген мәлімет бар. Қасым сұлтанның Құшақ, Ағадай, Уақ, Шуақ, Наурызбай, Есенгелді деген де ұлдары мен Бопы атты жаужүрек қызы болған.

Алдыңғы ақпарат

ҚАЙНАР КҮШЕК СҰЛТАН ОНДАН СҰЛТАН ҰЛЫ

Келесі ақпарат

БАЙТЕМІР СҰЛТАН