«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының «Ясауитану» ғылыми орталығы ұйымдастыратын «Темірқазық» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында кезекті ғылыми кездесу өтті.
Кездесуде «Ғылыми аналитика және халықаралық байланыстар бөлімінің» басшысы, PhD Г. Кошенова Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласына ұйымдастырылған ғылыми іссапардың қорытындысы бойынша «Музей ісін дамытудағы Түркия тәжірибесі: халықаралық бағыттар және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында кешенді баяндама жасады. Іс-шара барысында халықаралық ынтымақтастық аясында қол жеткізілген негізгі нәтижелер мен практикалық маңызы бар қорытындылар жан-жақты сараланып, көпшілік назарына ұсынылды. Кездесу барысында Ислам зерттеулері орталығымен (ISAM) бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, халықаралық экспедициялар ұйымдастыру, «Ислам зерттеулері» мен «Османлы зерттеулері» журналдарының редакциялық тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ «Халықаралық қонақ зерттеуші» (MAP) бағдарламасы шеңберінде ғалымдардың тағылымдамадан өту тетіктері талқыланды.
Сонымен қатар, баяндамашы Түркия Қолжазбалар басқармасында (TÜYEK) қолданылатын сирек қолжазбаларды диагностикалау, химиялық талдау жасау, реставрациялау мен консервациялау әдістемелерін, сондай-ақ жәдігерлерді төтенше жағдайлардан қорғайтын автоматтандырылған модульдiк капсулалық жүйелердің жұмыс істеу қағидаларын музейдің ғылыми қызметкерлеріне түсіндірді. Сондай-ақ Ыстамбұл қаласы Мәдениет басқармасының «Түркі әлемі мәдениет аумағы» өкілдері мен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы арасында Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын насихаттауға бағытталған халықаралық көрмелер, ғылыми конференциялар мен мәдени-ағартушылық жобаларды өткізу жөніндегі келісімдер сараланып, алдағы жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспарлары бекітілгені туралы баяндалды.
Баяндамашы тарапынан музей қызметкерлеріне сирек жәдігерлерді сақтаудың заманауи халықаралық стандарттары мен халықаралық цифрлық кітапхана платформаларын отандық музей практикасына енгізудің тиімді жолдары кеңінен түсіндірілді.
Аталмыш ғылыми іссапар Түркістан мен Ыстамбұл қалалары арасындағы академиялық интеграцияны нығайтуға, сирек қолжазбалар мен тарихи құжаттарды сақтаудың озық технологияларын енгізуге, сондай-ақ Ясауи мұрасын әлемдік деңгейде кеңінен дәріптеуге айтарлықтай серпін береді.
Д. Сазанова, ғылыми қызметкер.












