МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Өзбекәлі Жәнібеков және Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музейлендіру мәселесі

🔹 Тарихи тәжірибенің сақталуы мен ұрпақ санасында жаңғыруы көбіне материалдық және рухани мәдени мұраның жүйелі түрде жинақталуына байланысты жүзеге асады. Осы тұрғыда музей кеңістігі өткеннің жекелеген белгілерін сақтайтын орын ғана емес, тарихи үдерістерді ғылыми тұрғыда қайта пайымдайтын күрделі мәдени институт ретінде танылады. Қазақстандағы музей ісінің эволюциясы әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар, ұлттық құндылықтарды қорғауға бағытталған жеке тұлғалардың қызметімен тығыз сабақтасып дамыды.
Осы үдерісте Өзбекәлі Жәнібековтің музей саласындағы қызметі ерекше ғылыми тұрғыда қызығушылық тудырады. Ол мәдени мұраны сақтау мәселесін әкімшілік немесе формалды міндет ретінде емес, тарихи жады мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың маңызды бөлшегі деп қарастырды. Ө.Жәнібековтің көзқарастары этнографиялық материалды жинақтау, музей қорларын мазмұндық тұрғыда толықтыру және экспозициялық саясатты жаңаша ұйымдастыру мәселелерімен ұштасып, музей ісінің ғылыми сипатын күшейтуге негіз қалады. Сондықтан оның музей саласындағы қызметін кешенді түрде талдау қазіргі музейтану ғылымы үшін өзектілігін сақтайды. [Қасымбаев Ж. 2010]
Ө.Жәнібеков – ұлттық мәдениетке жаңаша көзқарас қалыптастырған, тарихи-этнографиялық мұраны қорғауды мемлекеттік деңгейге көтере білген тұлға. Тұлғаның музей ісіндегі қызметін оның дүниетанымынан тыс қарастыру мүмкін емес. Ол ұлттық мәдениетті халықтың тарихи тәжірибесі мен рухани сабақтастығының көрінісі ретінде бағалады. Ғалымның пікірінше, «мәдени мұра – өткеннің қалдығы емес, қазіргі ұлт болмысының негізі». [Нұрпейісов К. 2023]
Ө.Жәнібеков 1977-1980 жылдары Түркістандағы ортағасырлық сәулет өнерінің шыңы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музейге айналдыра отырып, алып кесененің кереметтілігін әлемге қайта бір паш етті және Ясауи бабамыздың (әулиелердің әулиесі, Түркістан-пири, Әзірет-Сұлтан, Құтұб-ул-актаб) тарихта, жалпы түркі руханиятында алатын орнын нақтылауға деген тың, жаңа бір жол ашты.
Ө.Жәнібеков музей ісін ұлттық сананы, тарихи жадыны сақтаудың маңызды тетігі ретінде бағалау қажеттігін айқындады. Сондықтан да Түркістан қаласында тек Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ғана музейлендіріп қоймай, 1989 жылдарға дейін бар күш-жігерін жұмсау арқылы ескерткіштің қорғау аймағын белгілеп, құрамында бірнеше тарихи ортағасырлық ескерткіштерді біріктірген «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік музей-қорықтың құрылуына бастамашы болды және ұлы ғұламаға кезінде халықтың берген Әзіреті Сұлтан атын қайта қайтарды.
Бүгінгі мақалада, елімізде тұңғыш болып ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне қосылып және де музейлер арасында алғаш болып «Ұлттық» музей мәртебесін алуына басқа да осындай жетістіктерге жетуіне Өзбекәлі Жәнібековтің қыруар еңбек сіңіргендігін атап айтпақпыз. Сонымен қатар, Өзбекәлі Жәнібековтің тарихи этнографиялық мұраларды жинақтау, музей қорларын толықтыру және экспозициялық саясатты жетілдіру бағытындағы жанкештілік қызметіне талдау жасамақпыз.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі алты ғасырдан астам уақыт бойы жұртты өзінің алып көлемімен, құрылымының мінсіздігімен, сөзбен жеткізіп бере алмайтын бірегейлігімен, қайталанбас әшекейлі нақыштарымен таң қалдырып келеді. Аспанмен тірескен көк күмбез, мүлтіксіздіктің шегінен көрінетін қырлы күмбез, эпиграфикалық басқұр, полихромды плиталардан құрастырылған төсем, айрықша безендірілген гүлдаста бағаналар күнмен шағылысып ерекше әсер қалдырады.
Осындай керемет ортағасырлық сәулет ескерткішін 1920-30-шы жылдары пантюркизм мен панисламизмге қарсы қанқұйлы науқан барысында мешіттер мен шіркеулер сырылып, контрреволюциялық элементтер ретінде молдалар мен басқа да діндарлар жойылып жатқан тұста, қазақ руханиятының көсегесін көгертіп тұрған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне де қауіп төнген болатын. Міне осы тұста оны сақтап қалудың жалғыз жолы кесенеден музей ашуды ұйымдастыру болып табылады. Мұндай маңызды бастаманы сол кездегі аудан хатшысы А.Ызбанов жергілікті жамағатты ұйыта отырып, еңбекшілердің ұсыныстарын тиісті орындарға хабарлау арқылы қол жеткізген екен. [Бақторазов С. 1922]
Қазіргі кезде музей-қорықтың қорында Оңтүстік Қазақстан облысының мұрағат қорынан алынған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі негізінде өлкетану музейін ашу туралы 1935 жылғы облыстық Білім беру мекемесі Хаттамасының көшірмесі сақтаулы. Онда мына төмендегідей қаулы қабылданған: «Қазақстан Халық ағарту комитетінен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музей ретінде пайдалануға рұқсат ету туралы сұралсын» делінген. Мұнан соң, жоғарыда аталған мұрағат қорынан алынған тағы бір құжат бар. Онда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі негізінде 1963 жылы «Ислам діні және атеизм тарихы Республикалық музейі» жұмыс жасап тұрғандығы туралы мәліметтер бар [4.ГАЮКО: ф201.]
1977 жылы Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары болып қызметке келген күннен бастап, бірінші жұмысын Мәдениет министрлігінен республикадағы музейлерді қадағалап отыратын төрт инспекторы бар музейлер бөлімін ашады. Осы жылдың наурыз айының 28-і күні Қазақстанның халық шаруашылық жоспары мен бюджетіне сәйкес Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №144-р нөмірлі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі негізінде музей ашу туралы Жарлығының шығуына қол жеткізеді. Сөйтіп, Түркістан қаласындағы ХIV ғасырдың керемет сәулет ескерткішінен «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ескерткіші музейін» ашуға бағытталған күрделі ұйымдастыру жұмыстары басталады.
Сонымен қатар, Ө.Жәнібековтің ұйымдастыруымен осы жылдары Алматы қаласында тікелей ҚР Мәдениет министрлігіне қарасты «Казреставрация» бірлестігі құрылып, оның ішкі саласы ретінде «Казмузейреставрация» мекемесі де өз жұмыстарын бастады. Осы жаңадан құрылған мекемелердің қатысуымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет кешені төңірегі мен оның құрылысы, ішкі бөлмелерінде бұрын-соңды болмаған ғылыми-зерттеу, ізденіс, қайта қалпына келтіру, абаттандыру жұмыстары басталды. Алдымен, ғимараттың ішкі бөлмелерін ретке келтіру жұмыстары; жарамсыз есіктерін жаңалау, ашық ойықтар мен терезелерге панжаралар орналастыру, қабырғаларды сылап-ақтау, едендерге төсем плиталарын қайта жаңғырту, жарық жүйелерін іске қосу, ортағасырлық бөлмелер интерьерлерін қалпына келтіру тағы басқа да қыруар ұйымдастыру, жалпы шаруашылық жұмыстарын Ө.Жәнібековтің өзі күндіз-түні жұмыстың басы-қасында жүріп, қадағалап отырды.
Өзбекәлі Жәнібековтің музейді ашудағы нақты еңбектерінің бірі – тарихи-этнографиялық мұраларды жинау және оларды ғылыми тұрғыдан саралау ісі. Кесенені музейлендіру барысында оның бастамасымен көптеген жәдігерлер жеке адамдардан, ауылдық жерлерден, Түркістан қалалық партия комитеті қызметкерлерінің атсалысуымен, аймақтағы басқа да тарихи ескерткіштерде сақталған көне мұралар, кесене аумағындағы жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстары барысындағы табылған жәдігерлер жинақталып, музей қорларына өткізілді.
Сонымен, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорық қорында бүгінде музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарына сай Ө.Жәнібековтің өзі және мамандарды ұйымдастыра отырып, 1977-80 жылдары жергілікті халықтың қолынан жинақталған 300-ден астам тарихи жәдігерлері сақтаулы тұр. Олар толығымен мемлекеттік тіркеуге алынған.
Осы мақаланы дайындалу барысында, бұл жәдігерлердің арнайы тізімі нақтыланды, жинақталу ақпараттары сараланып, ғылыми айналымға ендіріліп отыр. Қожа Ахмет Ясауи музейін ашу үшін 1977-80 жылдары жалпы жинақталған жәдігерлердің сараптамалық көрсеткіштеріне келетін болсақ, олар төмендегідей болып жіктеледі.
І. Этнографиялық жәдігерлер топтамасы:
Барлығы 133 дана жәдігер, оның
— 30 данасы — Орталық Мемлекеттік музей қорынан,
— 18 данасы — Алматы қаласындағы «Тұскиіз» кілем фабрикасына тапсырыс жасау арқылы,
— 10 данасы — Ө.Жәнібековтың жеке жинағынан,
— 20 данасы – «Казмузейреставрация» мекемесінің шеберлері қайта жаңғыртқан,
— 25 данасы — Түркістан қаласы Партия комитеті қызметкерлері жинақтаған,
— 20 данасы — Түркістан қаласы тұрғындарынан жиналған,
— 10 данасы — Жүсіп ата кесенесінен алынған,
ІІ. Жазба ескерткіштер топтамасына:
Барлығы – 29 дана жәдігер, оның
Музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарына сәйкес оның мағынасын ашып көрсету үшін Ө.Жәнібековтің арнайы тапсырыс бойынша мамандарға жасатқан жәдігерлердің көшірмелері мен муляждары:
— 6 дана – қазақтың тарихи тұлғаларының қолтаңба көшірмелері,
— 8 дана – алғаш жарық көрген қазақ тілді газеттер муляждары,
— 5 дана – кесенеде сақталған Алматы қаласы Ұлттық кітапхана қорына алынған ХІІғ. Құран кәрім т.б. кітаптар муляждары,
— 5 дана – Шығыс моншасы экспозициясына арналған майлы бояулы картиналар,
— 5 дана – әр түрлі заттай мұрағаттар. (Әмір Темірдің Вакуф-намесі, кесенедегі қалпына келтіру жұмыстары туралы есептер т.б. мұрағаттық материалдар көшірмелері)
ІІІ. Археологиядық жәдігерлер топтамасына:
Барлығы – 15 дана заттай мұралар.
​​Бұл жәдігерлер 1977-80-ші жылдары кесене төңірегінде жүргізілген археологиялық қазба, қайта қалпына келтіру, абаттандыру жұмыстары барысында кездейсоқ табылған тарихи жәдігерлер. Оларды Ө.Жәнібековтің тапсырмасымен музей қорына тапсырғандар, сол жылдары кесене жанында жұмыс жасап тұрған Түркістан арнайы ғылыми қайта қалпына келтіру шеберханасының сәулетшілері Б.Т.Тұяқбаева, А.Проскурин мен археолог-ғалым М.Тұяқбаевтар болды.
ІV. Балтакөл ауданының тұрғыны, тарихшы-мұғалім А.Алтаевтың жеке коллекциясынан:
— 230 данадан астам археологиялық этнографиялық және нумизматикалық мұралар жиынтығы.
1980 жылы Ө.Жәнібеков Түркістандағы Жұма мешіті орнынан «Археологиялық табыстар» музейін ашу мақсатында арнайы археолог маман, тарих пәнінің мұғалімі А.Алтаевпен келісе отырып, оның жеке жинағын Қожа Ахмет Ясауи музей қорына өткізуге мұрындық болды.
V. Қосымша дайындалған материалдар:
(ғылыми көмекші қор есебіне алынған жәдігерлер) саны – 53 дана, олар негізінен алғанда стендтер, планшеттер мен фотоматериалдар болды.
Сонымен қатар, 1958 жылдан бастап тіркеуге алына бастаған кесененің өзінде сақталған бірнеше түпнұсқа жәдігерлермен қоса барлығы 300-ден астам тек негізгі қор жәдігерлері мен 150-ден астам көмекші материалдармен 1978 жылы 30 қыркүйек күні Республикалық Қожа Ахмет Ясауи сәулет ғимараты музейі келушілерге есігін ашты.
Ө.Жәнібековтің бастамасымен кесенеде Әмір Темір дәуірінен сақталған ортағасырлық заттай тарихи мұралардың бірнешеуін (шырағдандар, 1920-шы жылдары жасалған Қылует макеті, қазақ хандығы тұсындағы қару-жарақ үлгілері т.б. жәдігерлерді) Қазмузейреставрация мекемесінің білікті мамандары Ш.Жалмұханов, Д.Шоқпаров, Қ.Алтынбеков, А.Найманбаев, В.Шишкин т.б мамандары қалпына келтіріп, экспозициялық түрге келтірді.
Ө.Жәнібеков тарихи мұраларды жинақтауды алдымен Орталық Мемлекеттік музей қорындағы Түркістан қаласы және Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты жәдігерлерді қайтарудан бастайды. Атап айтқанда Қожа Ахмет Ясауидің құлыптасы үстіне жабылған Қабыржапқыш – ортағасырлық керемет қайталанбас кестелі қолөнер туындысын қайтару арқылы, ұлтымыздың кестелеу өнерінің әлемдік деңгейге көтерілгендігін дәлелдеуге мүмкіндік жасалды. Себебі бұл жапқыштың бетіндегі сонау ортағасырлардағы шеберлердің кестелеу, жапсыру, зерлеу, ширату, тоқу өнері осы күнге дейін өз құпияларын ашпай келеді.
Мұнан өзге Өзбекәлі ағаның қатысуымен ОММ-ден қайтарылған, бүгінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорық қорында сақтаулы тұрған 30-дан астам жәдігерлер бар. Олардың біршамасының тозығы жетуіне байланысты, сол 1977-78 жылдары-ақ, Алматы қаласындағы «Тұскиіз» кілем фабрикасына тапсырыс жасап 20-ға жуық жәдігерлердің көшірмелерін де қоса жасатып экспозицияға пайдаланды.
Сонымен қатар, Өзбекәлі аға, өзінің жеке коллекциясынан да, экспозиция тақырыбын ашу үшін бірнеше құнды жәдігерлерін сыйға берді, атап айтқанда, белгілі ақын Айтбай Белгібайұлының «Мұңлы Айтбай» қолжазба жыр-дастан кітабының түпнұсқасын, 1905 жылы ашық жасыл түсті мәрмәр тастан жасалған, бетіне өрнектермен қоса жазбалар түсірілген керемет Ас табақты, сондай-ақ, музей-қорық қорындағы ең құнды мұраның бірі Қабанбайдың қанжарын да, батырдың ұрпағы болып келетін, Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романовтан алып келіп, 1980-ші жылы музей қорына тапсырған.
Алғашқы жылы кесененің бірінші қабат деңгейіне орналасқан ірі алты бөлмесіне жеке-жеке тақырыптарда экспозиция жасақтады. Атап айтқанда, Қазандық залында – «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылыс ерекшеліктері», Асхана залында – «Түркістан қаласының тарихы», Кітапхана залында – «Қазақ халқының жазба мәдениетінің даму тарихы», Үлкен Ақсарайда – «Түркістан – қазақ хандарының резиденциясы», Кіші Ақсарайда – «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің эпиграфикалық ерекшеліктері» және соңғы алтыншы зал Құдықханада – «Кесене аумағының болашақтағы абаттандырылуы» туралы әрқайсысы жеке-жеке музей ашуға лайықты ірі-ірі тақырыптарда экспозициялар құрылды.
Ө.Жәнібеков кеңестік кезеңде ұлттық құндылықтарға үстірт қарау үрдісіне қарсы шығып, қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін ғылыми тұрғыдан қорғауды мақсат етті. Осы жерде және бір айта кететін мәселе, Ө.Жәнібековтің шынайы ұлт жанашырлығының көрінісі туралы; Кесенеде қазақ хандары мен батырларының жерленгендігі тарихтан белгілі, мұнда қазақтың 22 ханы жерленді десек, сол тұлғалардың ескерткіш белгі тастарының, жазба құлыптастарының сақталмауы, Өзағаны қатты күйзелткенге ұқсайды. Сондықтан, кесенеде сақталған көлемі үлкен бірнеше құлыптастарды арнайы жинап орталық бөлме Қазандық залына шығарып, оларға шартты түрде қазақ хандарының есімдері жазылған түсіндірме мәтіндер жазып қойды. (Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан) Бұл ұстаным арқылы ол кеңестік дәуірдің салқын саясатының арқасында жойылып кетуге жақын қалған тарихи тұлғаларымыздың өз деңгейінде зерттелуіне жол ашты.
Ө.Жәнібековтің музей ісіне терең араласа келіп, әр түрлі тақырыптарда салалық музейлер ашуы арқылы тарихтағы ақтаңдақтардың ары қарай өрбуіне тоқтам салғандығы оның әрбір іс-әрекетінен айқын көрініс тапты. Кеңестік дәуірдегі музейлер экспозициялары біркелкі тек тарихи-өлкетану музейлері болса, осы стеоротипті Өзаға өзгертті деп айтуға толық негіз бар. Мысал келтіретін болсақ: Жездідегі Тау кен ісі және тарихы музейі, Алматы қаласындағы Тарихи тұлғалардың мемориалды музейлері мен Ықылас атындағы ұлт аспаптар музейі т.с.с. Ол осы музей қорларындағы жәдігерлердің тек сақталуын ғана емес, олардың тарихи мән-мәтінде түсіндіріліп, ғылыми жүйеге түсуін талап етті.
Ө.Жәнібеков Түркістан қаласының тағдырына өмірінің соңына дейін алаңдаушылығын тоқтатқан жоқ. Ол, қалдағы ХVI ғасырдан 1975 жылға дейін, жұмыс жасап, жергілікті халыққа қызмет етіп келген «Шығыс моншасын» музейлендірді, 1980-ші жылы қаладағы және бір тарихи орын, аңыз бойынша Қожа Ахмет Ясауидің тұрғын үйі болған, ХІХғасырға дейін сопылық орталықтың «Жұма мешіті» қызметін атқарған орыннан да музей ашты. Бұл музейдің экспозициясына тарихшы-археолог, ұстаз Адасхан Алтаевтың коллекциясы шығарылды да, музей «Археологиялық табыстар музейі» деп аталды.
Қорытындылай келе, Өзбекәлі Жәнібековтің Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музейлендіру арқылы, Түркістан қаласының түркі халықтарының рухани орталығы ретіндегі тарихын зерттеп-зерделеуде, Қожа Ахмет Ясауидің ілімі мен мұрасын насихаттауда, жалпы Қазақстандағы музей ісін дамытуға қосқан үлесі ұлттық мәдениет тарихында ерекше орын алады. Ол музейді халықтың тарихи жадын сақтайтын, әрі ұлттық сананы қалыптастыратын маңызды құрал ретінде таныды. Тарихи-этнографиялық, мәдени тұрмыс-салттық мұраларды жинақтау, экспозициялық саясатты жетілдіру және ұлттық өнерді музей кеңістігінде насихаттау бағытындағы қызметі бүгінгі музей ісі үшін құнды тәжірибе болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жәнібеков Ө. Уақыт керуені. – Алматы: Жазушы, 1992.
2. Нұрпейісов К. Қазақстанның рухани мәдениеті тарихы. – Алматы: Атамұра, 2003.
3. Қасымбаев Ж. Қазақстандағы музей ісінің қалыптасуы. – Алматы: Қазақ университеті, 2010.
4. Әбдіғалиұлы Б. Ұлттық мәдени мұра және тарихи сана. – Астана: Елорда, 2015.
5. Смағұлов О. Қазақ этнографиясының мәселелері. – Алматы: Ғылым, 2008.
6. Бақторазов С. «Қаздырып берді Ызбанов, Ақжар атты жарманы» Егемен Қазақстан, 01.08.2022
7. Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік мұрағат қорлары Ф. 201. 1бу. 12.іс, 24-26бб.
8. Ұлтымыздың ұйытқысы (Өзбекәлі Жәнібеков жайындағы естеліктер) Алматы, 2021.
Р.Жүзбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі, музей ардагері.
Алдыңғы ақпарат

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТЕДІ

Келесі ақпарат

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ РЕСТАВРАЦИЯ ТАРИХЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ