«Ясауитану-2023» байқауының қалалық іріктеу кезеңі болып өтті

Бүгін Түркістан қаласындағы №21 Ш.Ниязов атындағы жалпы орта мектебінде республикалық «Ясауитану-2023» байқауының қалалық іріктеу кезеңі болып өтті. Білім сайысына қала мектептерінен жалпы саны 35 оқушы қатысты.
Байқауда музейдің ғылыми қызметкерлері Ұлықбек Жүнісбаев пен Динара Арын және №1 А.Байтұрсынов атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Тахмина Балтабаева қазылық етті.
Екі кезең бойынша өткен іріктеудің алғашқы кезеңінде оқушылар хикметті жатқа айтудан жарысса, екінші кезеңде Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы мен кесенесіне қатысты және ондағы жерленген тарихи тұлғалар мен (хан, би, батырлар) көне жәдігерлерге байланысты билет сұрақтарына жауап берді.
Байқаудың қорытынды кезеңінде 74 балмен екі оқушы тең түсіп, олар хикмет айтып, қайта сайысты. Нәтижесінде басымдылықпен №18 Ж.Еділбаев атындағы мектептің 9 сынып оқушысы Б.Дүйсебек бас жүлдені еншілесе, бірінші орынды М.Әбенова атындағы мектептің 9 сынып оқушысы Н.Қасым қанжығасына байлады. №14 Қазбек би атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Ш.Ертай 72 ұпаймен екінші орын, №21 М.Пошанов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы А.Бауыржанқызы мен №18 Ж.Еділбаев атындағы мектептің 9 сынып оқушысы Н.Бақи үшінші орынды өзара бөлісті.
Алдыңғы ақпарат

Ғибадат

Келесі ақпарат

Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының отырысы өтті