
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Қ.Сәтбаев атындағы №12 жалпы білім беретін мектебі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Меморандумның мақсаты — Түркістан қаласының тарихын ғылыми тұрғыда дәріптеу, тарихи-мәдени мұраларды насихаттау аясында тығыз ынтымақтастық орнату. Құжат аясында музей педагогикасы негізінде тиімді алмасу жүйесін құру, сондай-ақ мектеп оқушылары арасында ұлттық құндылықтарды, тарихи ескерткіштерді танытуға бағытталған бірлескен жобалар мен іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Қол қою рәсімінде «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының м.а. Нұрлан Дүкенбаев пен мектеп директоры Мадина Рысбекова құттықтау сөз сөйлеп, өзара серіктестіктің маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында мектептің дарынды оқушылары Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Шығыс моншасы және Түркістанның тарихи келбеті жайлы зерттеу жобаларын таныстырды. Сонымен қатар, оқушылардың бейнелеу өнері бағытындағы шығармашылық жұмыстары көрмеге ұсынылды.
Ағымдағы оқу жылында білімге құштарлығы, зерттеушілік қабілеті және шығармашылық жетістіктерімен ерекшеленген оқушылар «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы тарапынан алғыс хаттармен марапатталды.