⚜️ ТҮРКІСТАН ТАРИХЫН ҰЛЫҚТАҒАН КӨРМЕ – ҰЛТ ҰЯСЫ ҰЛЫТАУДА
🔹 Ұлт ұясы – Ұлытауда Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің және «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Күлтөбе қалажұрты – көне Түркістан тарихының бастауы» атты көшпелі көрме өтті.
Тағылымды іс-шараға Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Ж. Өтегенов, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары М. Тастанбеков, өлкетанушы, қоғам және мемлекет қайраткері С. Қожамсейтов және зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын барысында сөз алған қонақтар көрменің тарихи-мәдени маңызына тоқталып, Күлтөбе қалажұртының Түркістан тарихындағы айрықша орны мен ұлттық мұраны насихаттаудағы мәнін атап өтті
🔹 Көрменің мақсаты – Түркістан жазирасындағы ең көне тарихи-мәдени орталықтардың бірі саналатын Күлтөбе қалажұртының археологиялық және тарихи маңызын кеңінен насихаттау, оның Ұлы дала өркениеті мен көне қалалық мәдениеттің қалыптасуындағы айрықша орнын таныстыру. Сондай-ақ жиын барысында өткен пресс-конференцияға өңірдің мәдениет саласының өкілдері, музей қызметкерлері, тарихшылар, археологтар және БАҚ өкілдері қатысты.
Экспозицияның негізгі бөлігін сан ғасырлық тарихты қамтитын қыш бұйымдары, тұрмыстық заттар мен сирек кездесетін нумизматикалық коллекциялар құрайды. Келушілер назарына 172 дана жәдігер, оның ішінде I-IV ғасырлардағы ошақтар, VII-VIII ғасырларға жататын өрнектелген саптыаяқтар, XIV ғасырдың құмыралары мен су құбырының түтіктері, сондай-ақ XVIII-XIX ғасырлардың шамдары мен тостағандары ұсынылады.
🔹 Көрменің ерекше құндылығы – Қоқан хандығы, Бұхара әмірлігі және Ресей империясы кезеңінде соғылған монеталар жинағы. Бұл қатарда Қоқан мен Ферғана ақша сарайларында соғылған «Зарб Латиф Коканд», «Фулус джадид» жазбалары бар дөңгелек және шаршы пішінді фулустер, сондай-ақ XIX ғасырдың аяғына жататын Ресей патшалығының монеталары бар.
Экспозиция келушілерге Күлтөбенің сан ғасырлық тарихын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі және көне Түркістан өңірінің өркениеттік үдерістердегі орны туралы толыққанды мәлімет береді. Көрме алдағы бір ай бойы жалғасып, келушілер назарына ұсынылады. Осы уақыт аралығында келушілер бірегей археологиялық жәдігерлермен, құнды мұралармен және тарихи-танымдық материалдармен танысып, көне Түркістан тарихының терең қатпарларына бойлай алады.
Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.











