МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ТУРИЗМ ЭКОЖҮЙЕСІН ҚҰРУ МОДЕЛІ

XXI ғасырдың үшінші онжылдығы туризм саласының қарқынды цифрландыру кезеңімен сипатталады. Қазіргі таңда туристік бағытты таңдау, сапарды жоспарлау және туристік нысандар туралы ақпарат алу үдерісі толығымен Google maps, Apple maps секілді цифрлық платформаларға тәуелді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей туризм мен цифрлық технологиялардың тоғысуы елдердің экономикалық, мәдени әлеуетін күшейтудің маңызды тетігіне айналды. Мәселен, карталар, 3D навигация, виртуалды және толықтырылған шындық элементтері пайдаланушыларға саяхат нысандарын саяхатқа шықпай тұрып сезінуге мүмкіндік беруде. Мұндай тәжірибе әзірше Біріккен Корольдік, АҚШ, Франция сияқты елдерде ғана жүзеге асырылған. Ал, Қазақстандағы көптеген туристік нысандар халықаралық картографиялық жүйелерде толық қамтылмаған, визуалды контент сапасы төмен, Google street view және Apple look around қызметтері шектеулі аймақтарда ғана қолжетімді. Бұл жағдай елдің халықаралық туристік имиджіне және ақпараттық қолжетімділік деңгейіне кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты, Қазақстанда біртұтас цифрлық туризм экожүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Мұндай экожүйе әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Google және Apple секілді жаһандық платформалармен интеграцияланған, 3D модельдеу, геовизуализация және виртуалды турлар технологияларына негізделген болуы тиіс. Бұл модель туристерге қолайлы ақпараттық орта құрып қана қоймай, елдің мәдени және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталады.

Әлемдік туризм саласында цифрлық технологиялардың рөлі ерекше. Туристердің бағыт табуы, нысандар туралы ақпарат алуы және сапарды жоспарлауы толығымен картографиялық және навигациялық қосымшаларға тәуелді. Солардың ішінде Google maps және Apple maps – әлемдік деңгейде кең тараған және ең сенімді навигациялық платформалар ретінде танылған.

Бүгінгі күні халықаралық туристердің басым бөлігі осы екі қосымшаны пайдаланады. Ал, аймақтық деңгейде танымал 2GIS пен Yandex Maps секілді қосымшалар шетелдік қолданушылар арасында кеңінен таралмаған. Кейбір музейлер, парктер, мейрамханалар, отельдер сияқты т.б. қызмет көрсету нысандары 2GIS пен Yandex Maps жүйесінде толығырақ бейнеленгенімен, халықаралық туристер ол платформаны сирек қолданады әрі олар шетелдік туристердің көпшілігіне беймәлім болып қала береді. Мысал ретінде, Австралиядан екі турист Қазақстанға сапарлап келген жағдайда, олар ең алдымен Google maps немесе Apple maps арқылы бағыт іздейді. Алайда, қазіргі жағдайда картадағы ақпараттар жеткіліксіз, кейбір нысандардың атаулары мүлдем жоқ. Яғни, Қазақстан аумағындағы картографиялық контенттің сапасы мен өзектілігі төмен деңгейде қалып отыр. Google street view көптеген нысандардың панорамалық суреттері мен сипаттамалары ескі, қамтылу аумағы тар және жаңарту жиілігі жеткіліксіз. Мұндай жағдай туристердің ақпаратқа қолжетімділігін шектеп, өз кезегінде Қазақстанның туристік бағыттарының тартымдылығын азайтады, туристік халықаралық нарыққа таныстыру ісінде белгілі бір шектеулер тудырады.

Елдің туристік инфрақұрылымын ғаламдық навигациялық жүйелерге толыққанды енгізу – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның негізгі туристік аймақтарын – Түркістан, Алматы, Астана қалаларын жоғары сапалы визуалды және интерактивті форматта әлемдік картографиялық платформаларға енгізу өзекті мәселе болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс елдің цифрлық туризм экожүйесін қалыптастырудың маңызды қадамы болмақ.

Туризм саласында цифрлық трансформация үрдісі қарқын алып, әлемдік экономикадағы басты бағыттардың біріне айналды. Халықаралық зерттеушілердің еңбектерінде цифрлық технологиялардың туризмнің тартымдылығын арттырудағы маңызы мен туристік қызмет сапасын жетілдірудегі рөлі кеңінен қарастырылған [1]. Әсіресе, Google, Apple сияқты жаһандық компаниялар енгізген геокеңістік деректерге негізделген шешімдер — Immersive view, Apple look around, Google Earth және street view туристердің кеңістікті қабылдау тәжірибесін түбегейлі өзгертті.

Қазақстандық зерттеулердің еңбектерінде цифрлық туризм ұғымы негізінен онлайн сервистер мен маркетингтік платформалар тұрғысынан қарастырылады [2]. Туризм инфрақұрылымын толық деректер экожүйесі ретінде зерттеу бағыты әлі жеткілікті дамымаған. Мәселен, Ердәулетов С. Р. еліміздің туристік саладағы бедел-абыройын қалыптастыру және дамыту ісінде туристік картография ерекше үлкен рөл атқарады [3] деп атап өтіп, цифрлық карталар мен туристік деректердің фрагменттелуін негізгі кедергі ретінде көрсетеді. Бұл еңбектер Қазақстанда цифрлық экожүйенің нормативтік, инфрақұрылымдық және технологиялық компоненттерін жүйелеудің өзектілігін дәлелдейді.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, деректер экожүйесіне негізделген туризм басқару жүйелері жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады. Мысалы, Британия мен Францияда 3D картографиялық модельдер туристік бағыттардың қолжетімділігін арттырып, виртуалды және толықтырылған шындық (VR/AR) форматтарында кеңінен қолданылып отыр [4]. Осындай инновациялық тәсілдер туризмді тек ақпараттық тұрғыда емес, тәжірибелік және интерактивті қабылдау тұрғысынан дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстан үшін мұндай модель – заманауи туризмнің цифрлық инфрақұрылымын жүйелеудің және ұлттық мәдени кеңістікті ғаламдық деңгейде танытудың жаңа бағыты болып саналады.

Google және Apple компанияларының тәжірибесіне сәйкес, қалалар мен табиғи аймақтардың 3D модельдері жоғары дәлдіктегі спутниктік және аэрофотосуреттер негізінде жасалады. Мыңдаған суреттер әртүрлі биіктіктен және бұрыштан түсіріліп, кейін фотограмметрия әдісімен біріктіріледі. Бұл үшін Reality Capture, Agisoft Metashape, Pix4D секілді бағдарламаларға ұқсас ішкі өңдеу жүйелері қолданылады. Нәтижесінде ғимараттардың биіктігі, пішіні мен текстурасы жоғары дәлдікпен модельденеді.

Алынған 3D модельдер Google Earth (эксплорациялық орта), Google Maps (навигация және Immersive view), Google Earth studio (анимациялық визуализация), Apple maps (look around және flyover) экожүйелерінде пайдаланылады.

Дайын 3D контентті туристер саяхат алдындағы визуалды бағдар немесе виртуалды тур жасау мақсатында қолдана алады және толықтырылған (AR) шындық форматтарына бейімделуге әлеуетті. Мұндай технологиялар пайдаланушыларға саяхат нысандарын интерактивті түрде зерттеуге, кеңістікті сезінуге және саяхатқа дейін визуалды әсер алуға жағдай жасайды.

Мысалы, Лондон қаласында турист Бакингем сарайын немесе Британ музейін Google maps арқылы іздеген жағдайда, бағдарлама нақты бағыттарды (1-суретте көрсетілгендей автобус немесе метро арқылы қанша минутта жетуге болатынын, ол қоғамдық көліктердің келу уақыты мен қозғалыс жиілігін, жаяу жүру уақытымен қоса көрсетеді), қоғамдық көлік кестесін, фотосуреттер мен бейнематериалдарды, сондай-ақ, Immersive view форматындағы 3D көріністі ұсынады.

 

Осы тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу арқылы елдің туристік тартымдылығын едәуір арттыруға болады. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Алтын Самрұқ театры, Бәйтерек монументі, Алматы телемұнарасы, Қастеев Ұлттық өнер музейі сияқты маңызды нысандарды жоғары сапада цифрлық картаға енгізу – елдің туристік брендін халықаралық деңгейде нығайтудың маңызды тетігі болмақ. Алайда, Google және Apple компаниялары түсірілімдерін жүзеге асыру алдында мемлекет тарапынан ресми рұқсат пен серіктестік келісім жасайды. Бұл келісімдер ұлттық заңнамаға, әсіресе жеке деректерді қорғау, аэрофототүсірілімге рұқсат және инфрақұрылымдық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүргізіледі.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазыргі таңда Қазақстанда цифрлық туризм инфрақұрылымы толыққанды экожүйе ретінде қалыптаса қойған жоқ. Google maps Apple maps секілді жаһандық платформаларда отандық туристік нысандардың мазмұндық және визуалды деректері шектеулі.

Халықаралық тәжірибеде Лондон, Париж, Токио сияқты ірі қалаларда туристік ақпарат пен бағыттар Google Immersive view, Look around және Things to do секілді құралдар арқылы интерактивті түрде ұсынылады. Бұл шешімдер туристерге маршрутты жоспарлауда, билет бағасын алдын ала білу мен нақты уақыттағы қозғалыс динамикасын бақылауда үлкен мүмкіндік береді.

Қазақстан жағдайында мұндай тәжірибені енгізу үшін ұлттық деңгейде цифрлық туристік деректер базасын қалыптастыру, туристік нысандарды жоғары сапалы фотограмметриялық әдіспен 3D форматта модельдеу, сондай-ақ, Google және Apple компанияларымен интеграциялық серіктестік орнату қажет. Бұл бағытта мемлекеттік органдар, IT компаниялар және туристік бизнес өкілдері арасында бірлескен әрекет маңызды рөл атқарады.

Зерттеу көрсеткендей, цифрлық туризм экожүйесін қалыптастыру тек технологиялық жағару емес, сонымен қатар елдің туристік танымдылығын халықаралық деңгейде арттыруға бағытталған стратегиялық құрал болып табылады.

Зерттеу барысында Қазақстанда цифрлық туризм экожүйесін қалыптастырудың өзекті бағыттары айқындалды. Иммерсивті технологиялар мен 3D картографияны туризм инфрақұрылымына енгізу елдің туристік имиджін арттырумен қатар, ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз етіп, Google және Apple платформаларының тәжірибесі көрсеткендей, картографиялық деректердің сапасы мен толықтығы туристік бағыттардың тартымдылығына тікелей әсер етеді.

Осыған байланысты келесі ұсыныстар беріледі:

  1. Цифрлық туризмді дамытуға арналған ұлттық стратегия қабылдау;
  2. Google және Apple компанияларымен серіктестік орнатып, 3D және Immersive view түсірілімдерін жүзеге асыру;
  3. Туристік нысандардың 3D модельдері мен виртуалды турларын әзірлеуді мемлекеттік деңгейде қолдау;
  4. Туристік деректерді бірыңғай геоақпараттық жүйеге біріктіру;
  5. Цифрлық туризм саласына арналған білім беру бағдарламаларын енгізу.

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректердің тізімі:

  1. Almeida-Santana, A., David-Negre, T., Moreno-Gil, S. New digital tourism ecosystem: understanding the relationship between information sources and sharing economy platforms // International Journal of Tourism Cities. – 2020. – Т. 6, №2. – Б. 345–360.
  2. Ердәулетов, С. Р. Қазақстан туризмі. – Алматы: Бастау, 2015. – 552 б.
  3. Муталиева, Л. М., Омарова, А. С. Қазақстанда туризмнің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маркетингтік механизмдері: монография. – Алматы: Lantar Books, 2022. – 175 б.
  4. Organisation for Economic Co-operation and Development (OECD). OECD Tourism Trends and Policies 2024. – Париж: OECD Publishing, 2024. – 270 б. – DOI: 10.1787/tour-2024-en.
  5. Google. Google Maps Platform – Immersive View and Things to Do Updates (Ресми блог). – Маунтин-Вью: Google LLC, 2024. – Қолжетімді ресурс: https://blog.google/products/maps (қол жеткізілген күні: 08.11.2025).
  6. Apple. Apple Maps Look Around and 3D City Experience. – Купертино: Apple Inc., 2024. – Қолжетімді ресурс: https://www.apple.com/maps (қол жеткізілген күні: 08.11.2025).
  7. UNWTO. Tourism and Technology: Digital Transformation in the Travel Sector. – Мадрид: World Tourism Organization, 2023. – 120 б. – ISBN 978-92-844-2462-1.

 

Ахатбек Баубеков, экскурсия жетекшісі.

Алдыңғы ақпарат

ТҮРКІСТАН ТАРИХЫН ҰЛЫҚТАҒАН КӨРМЕ – ҰЛТ ҰЯСЫ ҰЛЫТАУДА

Келесі ақпарат

«ЯСАУИ КЕРУЕНІ» ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ СЕМИНАРЫ ӨТТІ