МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Түркістан маңындағы қола дәуірінің археологиялық ескерткіштері

Түркістан өңірінде көне дәуірлерден сақталған қорымдар әлі күнге дейін толық есепке алынып, жан-жақты зерттелмеген. Бұл археологиялық нысандар – еліміздің тарихы мен археологиясы үшін құндылығы зор тың деректер көзі. Қорымдардың басым бөлігі қола дәуірінің Андронов мәдениетіне жатады. Қай дәуірде болмасын, белгілі бір өңірдің тарихын зерттегенде, ең алдымен ондағы қорымдарды зерттеу арқылы адамдардың өмір сүрген кезеңін, этникалық тегін, діни наным-сенімдерін және басқа да маңызды тарихи деректерді анықтауға болады.

2000 жылы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ә.Х.Марғұлан атындағы археологиялық институтының Түркістан археологиялық экспедициясы Шойтөбеден оңтүстік-батысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан үлкен құм төбеде барлау жұмыстарын жүргізді. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде бұл ескерткіштің қола дәуіріне жататындығы анықталды. Шербай қорымы жалпы аумағы 52,5 гектарды қамтығандықтан, ол үш бөлікке бөлініп зерттелді: батыс бөлігі – Шербай І, солтүстік бөлігі – Шербай ІІ, шығыс бөлігі – Шербай ІІІ.

Негізгі қазба жұмыстары Шербай І аймағында (жалпы саны 17 қабір) жүргізілді. Нәтижесінде №4 және №13 қабірлер Қауыншы мәдениетінің ІІІ кезеңіне, №7 және №16 қабірлер ерте темір дәуіріне, ал он екі қабір Андронов мәдениетіне жататыны дәлелденді. Табылған қыш ыдыстар мен металл бұйымдарды зерттей келе, бұл нысандар б.з.д. XVII–XIV ғасырлар аралығына жататыны анықталды.

2009 жылы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қаржыландыруымен құрылған Жүйнек археологиялық барлау отряды Шипан қорымында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Егістік үшін тегістеліп кеткеніне қарамастан, бұл қорымнан табылған жәдігерлерге сараптама жүргізіліп, олардың әйел адамға тиесілі әшекей бұйымдар екені анықталды. Зерттеу нәтижесі бұл ескерткіштің қола дәуірінің Алакөл кезеңіне – б.з.д. XV–XII ғасырларға жататынын көрсетті.

Жалпы алғанда, бұл қорымдарда жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде қола дәуірінен бастап ерте ортағасырлық кезеңге дейін адамдар мекендеген ескерткіштердің бар екені дәлелденді. Бүгінде жер бетінен жойыла бастағанымен, бұл археологиялық нысандар еліміздің тарихын терең танып-білуге сүбелі үлес қосып отыр.

Өсеров Талғат, археолог.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA
OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Алдыңғы ақпарат

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ШАХАРСТАН ҚАМАЛЫ

Келесі ақпарат

Дарбаза қақпасы – Түркістанның тарихи кіреберісінің бірі