СПОРТТЫҚ САЙЫСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК директоры Нұрболат Ахметжанов Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай мекеме қызметкерлері арасындағы бұқаралық спорт түрлерінен өткен сайыстың жеңімпаздарын марапаттады.
Қорық-музей жұмысын жандандыру жолында өзіндік елеулі үлестерін қосумен қатар салауатты өмір салтын насихаттау бағытында қолға алынған шараға да белсенділік танытып, қарым-қабілеттерін көрсете білген барша қызметкерлерге алғысын білдірген қорық-музей басшысы спорттық жарыстар алдағы уақытта футбол, волейбол, баскетбол ойындармен жалғасын табатынын жеткізді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК шахмат, дойбы бойынша ұйымдастырған турнирдің мақсаты — Тәуелсіздік күніне орай еліміздегі бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, мекеме қызметкерлерінің интеллектуалдық танымын арттыру және бұқаралық спортқа баулу болып табылады.
Қорық-музейдің 20 — 63 жас аралығындағы қызметкерлері қатысқан жарысқа музей қызметкерлері және қалалық Балалар мен жасөспірімдер орталығының шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйірмесінің мамандары қазылық жасады.
Шахмат жарысы бойынша қорық-музейдің электр маманы Қадыров Марат I орынды (30 000 теңге) иеленсе, кіші ғылыми қызметкер Байсейт Сұлтан II орынға (20 000 теңге), шаруашылық қызметкері Убайдуллаев Убайдулла III орынға (10 000 теңге) лайық деп танылды.
Дойбы ойыны бойынша қарсыластар ішінен оқ бойы озық шығып I орын тұғырынан музей қараушысы Керимов Самат (30 000 теңге) көрінді. Сондай-ақ, шаруашылық қызметкері Шереханов Нұрбол II орынды (20 000 теңге) қанжығасына байласа, ғылыми қызметкер Арынова Динара III орынды (10 000 теңге) иеленді.
Жеңімпаздар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК директоры Нұрболат Қадырұлының арнайы алғыс хаты және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Алдыңғы ақпарат

МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН САЙЫСҚА ТҮСТІ

Келесі ақпарат

МАРАТ ТҰЯҚБАЕВ «ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» АТАНДЫ