
Бүгін Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Халықтар достығы және діни толеранттылық
музейінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Көгілдір күмбез құпиясы» атты тағылымды көрме өз шымылдығын түрді. Көрме бір ай бойы жалғасып, Самарқанд жұртшылығы мен қала қонақтарының назарына ұсынылады.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде Өзбекстан Республикасы Сенатының депутаты, «Заровшон» және «Самаркандский вестник» газеттерінің бас редакторы Фармон Исхакович Тошев құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы мәдени байланыстың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Сағынтайұлы Шәріпов бұл бастаманың рухани-мәдени ынтымақтастықты нығайтудағы орны ерекше екенін атап өтті.

Өз кезегінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Сыртқы байланыстар және креативті индустрия бөлімінің басшысы Сейсенбай Ахмет көрменің мазмұны мен ғылыми маңызына тоқталып өтті. Ал Самарқанд мемлекеттік музейінің басшысы Самибаев Масуд Каюмович ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, көрменің өңір жұртшылығы үшін мәні зор екенін жеткізді.

Көрмеге музей-қорық қорынан іріктелген 56 жәдігер қойылды. Оның ішінде 29 жәдігер қосалқы қордан алынған макеттер мен фотоматериалдарды қамтиды. Әрбір экспонат тарихи мұраның терең мазмұнын ашып, көрерменге өткен дәуірдің рухын сезіндіреді. Көрмеге келушілердің қызығушылығы жоғары. Мұндай мазмұнды жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп жоспарлануда.
А.Әлібек, баспасөз хатшысы.