
Қожа Ахмет Ясауидің пайғамбар жасына жеткен соң, жер басып жүрмеймін деп, қылуетке түскені жайлы аңыз барша қауымға белгілі. Ол жайлы «Қара Осман» редакциясымен шыққан «Насабнамада» былай делінген: «Қожа Ахмет Ата Ясы жерінде 100 жыл өмір сүрді. Жасы 60-тан асқан соң ол сыртта жер бетін басып өте сирек жүретін. Өзінің Шілдеханасы мен Қылуетханасы арасына жерасты жолымен баратын. Ол тек, мейрам намаздары мен әулиелер басына зиярат жасау кезінде ғана сыртқа шығатын. 562/1166-1167 ж. 125 жасында бұл жалғанды тастап кетті. Оның қабірі Ясы жерінде. Оны мұнда Ясауи Ата деп атайды» деп айтылған.
Бүгінгі таңда Қылует ғүрыптық ғибадатханасына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Ясауидің 63 жасынан кейін кірген жерасты қылуеті табылған. Ал, Ясауидің тұрған тұрғын үйінің орны жайлы түрлі пікірлер әлі күнге айтылып келеді. Біз Ясауи өмір сүрген үйдің қайда орналасқандығын анықтау мақсатында XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Түркістан жерінде зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдардың еңбектерінде кездесетін деректерге және сол деректермен талдау жұмыстарын жасап жүрген ғалымдардың еңбектеріне жүгініп көрейік. Бүгінгі таңда осы мәселе бойынша архивтік құжаттармен тамаша талдау жұмыстар атқарып жүрген ғалым, тарих ғылымдарының докторы М.Қожаны ерекше атап өткіміз келеді.
Мәселеге қатысты тікелей архивтік құжаттарға келер болсақ; белгілі шығыстанушы Н.И.Веселовскийдің 1884 жылы Түркістанға жасаған сапарында Ясауидің өмір сүрген үйі жайлы: «Мешіттен мазарды қараушылардың нұсқауымен қала қоршауынан 100 құлаштай жерде орналасқан Сұлтан Ахметтің үйін көруге келдім. Ол бірнеше бөлмелерден тұрады. Бөлмелердің бірінің қабырғасынан 3 құлаштай төмен қарай көлемі бес қарыстай, биіктігі адам бойындай болатын шаршы пішінді бөлмеге түсетін жер бар екен. Бұл бөлменің бұрышында кішігірім ойық бар. Еденіне қамыс шилері төселген. Жергілікті адамдардың айтуынша Сұлтан 60 жасынан кейін осы жерге түсіп, өмірінің соңына дейін сыртқа шықпаған көрінеді» деп суреттеп береді.
А.И.Добромыслов 1912 жылы жарық көрген кітабында Қожа Ахмет Ясауидің үйі мен жерасты қылуеті жайлы «Түркістан шейхтары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын жерде әулиенің 60 жылдай жерастында өмір сүрген жерін көрсетті. Бұл жерде қазір Қожа Ахметтің үйі деп көрсетілген үйдің көлеміндей кішігірім мешіт жұмыс істейді» деп көрсеткен. Яғни, ол да әулиенің қылуетін өз тұрғын үйінің астында болғандығын айтады.
В.А.Гордлевский де Қожа Ахметің 63 жасынан кейін дүниені тәрк етіп, кірген ғар бөлмесінің орнын белгілеуде оның кесене қасындағы жеке атқорасы, сопылық рәсімдерді атқаруға келушілерге арналған қонақ бөлмелері бар, «Қылует» деп аталатын құрылыстың ішіндегі жоғарғы бөлмелердің бірінен төмен қарай түсетін баспалдақтармен кіретін кішігірім жерасты құжыра туралы айтады.
Н.И.Веселовский, А.И.Добромыслов, В.А.Гордлевскийлердің Қожа Ахмет Ясауидің қылуетін суреттеудегі сәйкестіктер, барлығының бір жерді, яғни, Қожа Ахмет Ясауидің өмір сүрген тұрғын үйі өзі 63 жасында түскен жерасты «ғар» бөлмесінің үстінде болғандығын айтып отыр.
Т.Жолдасов, “Әзірет Сұлтан” Ұлттық музей-қорығының ғылыми қызметкері.