Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Үсен би

 

Ертеде елден  алыс  жерде қайтыс болған  адамды туған  топырағына  алып келу, жерлеу кезінде, барша түркі  халқына тән қасиетті дәстүр.  Қазақ  жұртының қасиетті жері, елі «Әзірет Сұлтаным» деген  Қожа Ахмет Ясауи  кесенесіне жерлеу үшін елдің   қадірлі, қоғамда  ерекше  орын алып,  қадірі болған тұлғаларды  алып келіп жерлеу үрдісі көптеген ғасырлар бойы  қалыптасты.

Үсен Құли баласының сүйегін де Сарыарқадан  кесенеге   арнайы алып келіп  жерлеген екен.  Деректерге қарағанда алпыс шұбар  атпен арнайы көш жабдықталған.  1856-1857 жылдары  Ш.Уәлиханов жазып алған  «Көкетай ханның  өлімі мен асы» жырында «Әр атаның баласына  алабас жорға  мен шұбар ат беруім керек, асқа сойылған малдың  етін мүшелеп – мүшелеп жасына қарай  бөліп беруім керек» деген тұстарын назар аударсақ,  шұбар ат беру, шұбар аттардың елдің  салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарында  қолданылғанын байқауға болады. Сонымен бірге бидің қазасын жоқтаған жоқтаулар айтылып,  ол ел арасына таралып, соңғы кезге дейін айтылып келген.   Жоқтауды  айтқан найманның  қызы Ақшабақ болды.  Шаштұғыл би де Үсен бимен  бір мезгілде   кесенеде жерленген.  Деректерге қарағанда Сарыарқадан екі  қаралы көш  бірге келген екен . Ғасырлар бойы басқа жерде  қайтыс болса да  адамдарды  кесенеге алып келіп жерлеу  дәстүрі жойылмаған.  Әзірет Сұлтанға арнайы алып келіп  жерленген тұлғалардың  арнайы түрде   алыстан  алып келінген,  оған  арнаулы көш  дайындалып, мәйіттер арнайы сақталып, сөреге қойып, былғарымен қапталып, балға салынған. Үсен бидің  тарихи шежіресін таратқан  ұрпақтарының шежіресінде   атамекен қонысы Есіл – Атбасар — Қараөткел деген жерде  деп айтылады. Үсен өз кезеңінде  би болып,  қазақ  халқы үшін  өте қиын  заманда ғұмыр кешкен.  Елі  ардақтап,  киелі жерге  әкеліп жерлеуінің де  оның  қоғам үшін сіңірген еңбегін көрсеткендей.  Құлидің  Бөлекше анадан басқа Қарашаш  анадан тараған ұрпақтары да  бар. Шежіре деректеріне сүйенсек   Жәлменбеттен туған  Асан-Үсен деген  ұлдары болған. Үсен бидің Әбілғазы-Бексейт деген ұлдары болған. 1750 жылы туылған Үсен  бидің   қазақ қоғамының  өміріне  араласуы,  Түркістанға  әкеліп жерленуі  бидің  сол кездегі елдің  қоғамдық өміріндегі  ерекше  қызметін көрсетеді. Үсен би дүниеге келіп, өмір сүрген XVIII ғасырдың екінші  жартысы мен –XIX ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін күрделі саяси-экономикалық жағдайда өткені  тарихтан белгілі. Қазақ қоғамында  билер, шешен, батырлардың  ел-жұртқа,  ел игілігіне  ерекше қызмет еткені белгілі. Би болу  қазақ қоғамында  беделге негізделген.  Үлгілі, өсиетті, әділ, ары-білімі бар, шешен тұлға ғана қазақ қоғамында би бола алатын.

 

Алдыңғы ақпарат

Құрышхан ата мазары, V-VІІІ ғғ.

Келесі ақпарат

Қазақтың Розасы