Қазақтың Розасы

 

Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысының Қазалы өңірінде Тәжібай есімді азаматтың отбасында дүниеге келген.

Болашақ әнші кішкентайынан өнерге әуес болып өсті. Әжесі – Күндей мен анасы – Ақкүріштің айтқан «Жайдарман», «Қараторғай», «Айнакөз», «Екі жирен» сынды әндері әншінің көкейінде мәңгіге жатталып қала берді. Қазалыдағы мектептің 10-сыныбын бітірген Роза Қызылорда қаласындағы педагогика институтына оқуға түседі Осы тұста әкесі қайтыс болып, отбасындағы жағдай қиындап кеткендіктен Роза үшінші курста сырттай оқуға ауысады. 1941 жылдың ақпанында Ташкент қаласындағы Әбдірахман атты жамағайынын сағалап келген Розаға жуық арада жұмыста табылай қоймайды. Алайда, болашақ әншіні бұл қалада басқа тағдыр күтіп тұрған еді. Сол кезде Өзбекстан филармониясының директоры, Шығыстың Шаляпині атанған Кари Якубов үйлердің жанынан өтіп бара жатып кездейсоқ жас қыздың әсем даусын естіп қалады. Талантты тез тани кететін жайсаң жан Розаны бірден филармонияға шақырып, Гаухар Рахимова жетекшілік ететін ансамбльдің құрамына алады.

Соғыс кезінде филармония әртістерімен бірге майдан шептеріндегі әскерлерге өнер көрсету үшін аттанып кетеді. Калинин, Минск, Киев сияқты және т.б қалаларда айлап жүріп, концерт берді. Әнші 1945 жылы 9 мамыр Жеңіс күнін «Мәскеудің офицерелер үйі» қонақүйінде қарсы алды. Соғыстан соң Абай атындағы академиялық опера және балет театрында басталғанымен, әнші операға жанының жақын емес екенін байқап, кейін филормонияға ауыстыруын өтінеді.

1949 жыл әншінің жұлдызы жанған жарқын кезең болды. Роза Бағланованың даңқын асқақтата түскен «Әлем жастарының дүниежүзілік фестифалі» осы 1949 жылы өткен болатын. Венгрияның астанасы Будапешттегі фестивальде 80 мемлекеттің өнер тарландары сайысқа түсті. «Березка» жастар ансамбілімен сол кезде аттары кеңге жайылған Петров, Далуханова, Измаилова, Плисецкая, Ойстра, Растрапович сияқты өнер шеберлерінің арасында Қазақстанның атынан Роза да қатысты.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі түрлі ұлт өкілдері мен қарайым халықтан бастап, Сталин, Хрущев, Брежнев, Ким Ир Сен, Қонаев сияқты талай үкімет басшыларының сүйікті әншісіне айналған Розаның еңбегі қайда жүрсе де елеусіз қалмады. Жауынгерлік медальдармен қатар, 1950 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1955 жылы Қазақстанның Халық әртісі, 1967 жылы КСРО Халық әртісі атақтарына ие болды. 1982 жылы Халықтар достығы орденімен марапатталды.

Халқына өлшеусіз еңбек еткен майдангер әнші 1986 жылғы желтоқсанда қазақ жастарының рухани тілекшісі бола білді. Әнші 1996 жылы Халық қаһарманы атағына ие болды. Бар ғұмырын әні мен халқына арнаған Роза Бағланова 2011 жылдың 8 қаңтарында мәңгілік сапарға аттанды. Халқы барда Роза есімі ешқашан ұмытылмақ емес…

Алдыңғы ақпарат

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Үсен би

Келесі ақпарат

ҚР Президентінің Жарлығымен Дәурен Абаев ҚР Мәдениет және спорт министрі қызметіне тағайындалды