Облыстық «Ясауитану-2021» байқауы өтті

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен облыстық «Ясауитану-2021» байқауының іріктеу кезеңі өтті.

Түркістан қаласындағы №8 Н.Төреқұлов атындағы орта мектепте өткізілген сайысқа облысымыздың аудан, қалаларынан 48 үміткер қатысып, бақ сынады.

Дәстүрге айналған білім және өнер сайысының  мақсаты — Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін, «Әзірет Сұлтан» кесенесіне жерленген тұлғалардың елі үшін атқарған еңбектерін, сондай-ақ, Түркістан қаласының тарихын, Әмір Темір дәуірінен қалған құнды ортағасырлық жәдігерлер мен мұражай ісін насихаттау.

Ясауи хикметтерін жатқа айту және сұрақ-жауаптан тұратын екі кезеңде үздіктігімен көзге түскен Сарыағаш ауданы №7 Төлеби атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Ақжүніс Асылханқызы Атахан бас жүлдені иеленсе, Жетісай ауданындағы №11 Жеңіс орта мектебінің оқушысы Ерболат Бердібай бірінші орынға лайық деп танылып, республикалық байқауға жолдама берілді.

Байқау аясында «Ясауи мұралары» атты кітап көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.

Алдыңғы ақпарат

Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясына қатысушы делегаттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келді

Келесі ақпарат

Польша Республикасының 1935, 1936 жылдары соғылған екі дана 10 злотыйлары