Польша Республикасының 1935, 1936 жылдары соғылған екі дана 10 злотыйлары

Польша Республикасының атаулы монеталары қатарынан. Күміс. Дөңгелек пішінді. 1935, 1936 жж. Варшава ақша сарайында соғылған. Сынамы 750 пайыздық күмістен соғылған. Тиындардың көлемі 33-33 мм., салмағы 21,770 және 21,940 граммды құрайды. Тиындар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық музейінің қорына 2008 жылдың 15 қаңтарында қабылданған. Польша легионының құрылғанына 15 жыл толуына орай шекімеленген 10 злотый құндылығындағы ақша. Тиын беттерінде ылғал ортада ұзақ уақыт тұруы себебінен пайда болған қою қоңыр түсті дақтардың іздері бар.

Тиын жиектері биік шеңбер сызықты кантпен көмкерілген. Аверсінде ақ және қоңыр түсті дақтары бар. Польша әскербасы, мемлекеттік және саяси қайраткер, қайта құрылған Польша мемлекетінің алғашқы басшысы, Поляк армиясын кұрушы, Польша маршалы Юзеф Клеменс Пилсудскийдің  (1867-1935 жж. өмір сүрген) профильдік бюсттік бейнесі орын алған.

Реверсінде: тиын жиегі геометриялық өрнектермен көмкерілген. Тиын шеңберінің ортасындағы шеңбер алаңда Польша легионерлерінің самұрық бейнелі гербі, оны айналдыра «Rzechpospolita Polska. 1935 және 1936» және тиынның төменгі жиегін бойлай екі жағында 10 сандық көрсеткіші мен ақша атауы-«Zlotych» жазбалары бар. Гурты тегіс.

Злотый, XV ғ. бері алтын дукаттың күнделікті тұрмыста халық арасындағы атауы болып келген. 1526 жылдан бастап негізгі ақша бірлігінің атауы, 1564 жылдан бастап, Польша корольдігінің, кейінірек, Речь Посполитаның, қазіргі таңда Польшаның мемлекеттік валютасы болып табылады.

Польшаның злотыйдан алдыңғы кезеңде негізгі ақша бірліктері польша маркасы (гривна) және копа болатын. Польша жерінде марка (гривна) ХІ ғасырдан бастап 210 г. салмақтағы күміске тең келетін ақшалай өлшем бірлігі ретінде қолданыла бастаған. Бұл ақша өлшем бірлігі XIV ғасырдан бастап, шамамен 198 г. салмақтағы күміске тең келетін краков гривнасына теңестірілген болатын. Одан кейінгі кезеңнен злотый бірлігі қайта ендірілгенге дейінгі аралықта негізгі ақша санамының бірлігі ретінде Чехия ақша атауларынан аланған копа бірлігі қолданыста болды. XIV ғ. орта тұсынан басьтап, 1 копа 60 грошқа тең құндылықта айналымда жүрген.

Алғашқы злотыйлар Вильнюсте 1564 жылы, ХХХ номиналында, яғни, 30 грошқа тең құндылықта соғылып отырған. Король Ян Казимир ІІ тұсында злотыйларды көп көлемде жаппай соғып отыру іске асырылды. Алғашқы злотыйлар халық арасында жобаның авторы Андреас Тымфа атымен «тымфтар» (злотувкалар) деген атпен аталатын. Уақыт өте келе үлкен дағдарысты бастан кешірген «тымфтар» 1766 жылдан бастап, Варшава ақша сарайы құрылған соң, Станислав Понятовский жүргізген ақша реформасынан кейін, тұрақты 30 мыс немесе, 4 күміс грош құндылығына теңестірілген номиналда айналымға ендірілді.

Музей қорындағы 10 злотый құндылығындағы күміс тиындардың тарихына келер болсақ, 1934–1939 жылдар аралығында Польша Республикасының Варшава ақша сарайында Польша легионының құрылғанына 15 жыл толуына орай дизайнер Станислав К. Островскийдің авторлығымен 2 (750 пайыздық сынамдағы күмістен 4,4 грамм салмағындағы), 5 (750 пайыздық сынамдағы күмістен 11 грамм салмағындағы) және 10 злотый құндылығындағы (750 пайыздық сынамдағы күмістен 22 грамм салмағындағы) күміс ақшалар шекімеленіп, айналымға жіберілген болатын. Жаңадан соғылған тиындардың негізгі бетіне польша легионерлерінің 1-ші бригадасының бұрынғы командирі Юзеф Пилсудскийдің бюсттік бейнесімен миллиондаған тиражда соғылып отырған болатын. Бұл ақша ақша түрлері Польшаның екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы соңғы ақша шекімесі болатын.

Алдыңғы ақпарат

Облыстық «Ясауитану-2021» байқауы өтті

Келесі ақпарат

Қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді