МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Музей қорындағы Сығанақта шекімеленген Ақ Орда пулы

1227 жылы Шыңғыс хан моңғолдар билігіне көшкен байтақ жерді алып жатқан империяны төрт ұлына бөліп берген кезде Ясы қаласы Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың иелігіне өткен болатын. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының үлесіне өткен жерлердің негізінде кейінірек Алтын Орда аталып кеткен, гүлденген тұсында құрамына Батыс Сібір, Солтүстік Хорезм, Волга Бұлғариясы, Солтүстік Кавказ, Қырым, Ертістен Дунайға дейінгі алқапқа жайылған Дешті Қыпшақ жерлері кірген ұлан байтақ империяның оңтүстік шығыс шекарасымен шектесіп жатқан аймақта орын тепкен, Ясы қаласы, бұл империяның құрамына енбегендігі баршамызға белгілі. Осы тарихи фактіге орай, Түркістан қаласы мен оның аумағында жүргізілген қазба жұмыстарында Алтын Орданың монеталарының өте сирек табылып жатуы да заңды құбылыс.

Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының нумизматикалық жәдігерлер қорында сақталған Алтын Орда пулы жайлы мәлімет береміз. Тиынды музей қорына 2004 жылы Түркістан қаласының тұрғыны Н.Досметов есімді азамат тапсырған. Монетаның қай жерден, қандай жағдайда табылғандығы туралы мәліметтер берілмеген.

Монета — Ақ Орда мемлекетінің мыстан соғылған пулы. Бұл тиын Сығанақ ақша сарайында соғылған. Сақталу жағдайы — нашар. Шеңбер пішінді тиынның жиектері кертіліп сынып, пішіні өзгерген. Тиын беттерінің біраз жеріндегі бедер іздері жойылып кеткен. Тиынның төменгі жиегіндегі соғылған жылдың сандық көрсеткішінің бір бөлігі жойылып кеткен. Реверсіндегі өрнек бедері түсініксіз. Жазба және өрнек бедерлерінің қалдықтары бойынша тиын хижра жыл санағы бойынша 727, 728, 738 жылдары Сығанақ ақша сарайында соғылып отырған пулдармен типтес.

Аверсіндегі тиын шеңберінің ортасындағы шаршы пішінді картуш ішінде 3 қатар етіп: «Зарб / Сығна / қ» жазбасы түсірілген (Сығанақ шекімесі). Картуштың астыңғы жағына соғылған жылдық көрсеткіштің сандары түскен. Басқа бедер іздері айыруға келмейді.

Реверсінде тиын шеңберін түгел ала айыруға келмейтін өрнек бедерінің іздері бар. Шамасы, хижра жыл санағы бойынша 727, 728, 738 жылдары Сығанақ ақша сарайында соғылып отырған пулдардағыдай сәулелерінің араларына нүктелер түсірілген бесжұлдыз түріндегі өрнек болса керек. Алайда, біз суреттеп отырған тиын бетінде бесжұлдызды өрнек бедерінен басқа артық сызық бедерлері көп.

Р.З.Бурнашева, С.М.Юсупов, А.В.Пачкаловтардың еңбектерінде Сығанақ тиындарының бұл типтегі үлгілері кездеседі. Біздің ойымызша, сипатталып отырған пул үлгісінде артық сызық іздерінің көп болуы, тиынды соғу кезінде штемпельге екі рет соққы жасалуы кезінде жіберілген ақаудың әсерінен пайда болған. Екі рет соғудан қалған шекіме ізі тиынның аверсінен де байқалады. Мұндай ақаулар ортағасырда ақша шекімелеу ісінде жиі орын алып отырған.

Т.Жолдасов, кіші ғылыми қызметкер

Алдыңғы ақпарат

«Кіші Қылует» мешіт-ғибадатханасы