
Археолог Таисия Николаевна Сенигова өзінің «Культовые сооружения около мавзолея Ходжа Ахмеда Ясави» (Қожа Ахмед Ясауи кесенесі маңындағы діни құрылыстар) атты еңбегінде Түркістандағы Ясауи кесенесінің маңында бұрын белгісіз болып келген екінші бір халуаттың (Қылует) болғандығы жайлы атап өтеді. Т.Н.Сенигова бұл құрылыс жайлы 1970 жылдардың басында қаланың байырғы тұрғындарынан және 1960-шы жылдары Түркістанда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Г.И.Пацевичтің жұмыс есебінен оқып танысады.
Т.Н.Сенигова өз еңбегінде «Кіші Қылует Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 50-60 метр жерде, мешіт бөлмесіне қарама-қарсы орналасқан. Жоспарында ол төрт бұрышты күйген қыштан тұрғызылған, диаметрі — 12 м, шеңбер түріндегі құрылыс болған. Көптеген жөндеу жұмыстарының ізі сақталған, қалың етіп тұрғызылған қабырғалары жер бетінен 1 метр тереңдікке отырғызылған. Көптеген жөндеу жұмыстарын басынан кешірген конус тәріздес шатыры темірмен теңкеленіп, ұшар басы жарты ай түріндегі әшекеймен сәнделген пияз пішіндес күмбезбен жабылған. Шатырдың белағаштарының төменгі басы қыш қабырғаның үстінде, ал, шатырдың орта тұсы алты бұрышты ағаш ұстындарға отырғызылған. Шатырға тіреуіш болған ұстындар қабырғадан ортаға қарай 2 — 2,5 метр қашықтықта шеңбер құрап орналастырылған. Бөлменің іші қабырғаны бойлай айналдыра орналасқан, ені — 2,5 м, биіктігі 30-40 см. сәкімен жабдықталған. Құрылыстың солтүстік қабырғасының түбінен төмен қарай тепкішек түскен. Бұл тепкішек жер астында 3 м. тереңдікте орналасқан «Ғар» бөлмесіне алып барады. «Ғар» бөлмесінің өлшемдері 3х3 м, қабырғалары күйген қыштан қаланған» деп суреттейді.
Қабырға бойымен жүргізілген сәкіге текеметтер мен кілемдер төселіп, тәуәп етушілер сонда жайғасқан. Ал, бөлменің ортасында мүршид отырып, құран оқып, зікір салған. Қылуеттің сырт жағында оған жапсарлас ұзын дәліз тәріздес – бірнеше кабиналардан тұратын Таһаратхананың орындары сақталған.
«Кіші Қылует» құрылысының жер бетіндегі бөлігі 1943 жылы бұзылып алынған. Т.Н.Сенигова өз еңбегінде «Кіші Қылуеттің» 4 м. тереңдікте (Ғар бөлмесі) орналасуы, көне ғұрыптық құрылыстарға сәйкес күмбезбен жабылуы оның Х-ХІ ғғ. салынуы мүмкін екендігінен хабар береді» деп жазады. Алайда, «Кіші Қылуеттің» орнында Түркістан археологиялық экспедициясы 1997 және 2001 жылдары М.Қ.Тұяқбаевтың жетекшілігімен жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде құрылыстың XVIII-XIX ғғ. қызмет көрсеткендігі анықталды.
Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттелген соң, «Кіші Қылует» археологиялық ескерткіші қайта консервацияланып, көмілген.
Т.Жолдасов, кіші ғылыми қызметкер.